Әсіресе, еуро айырбас орындарында 404 теңгеден сатылып жатыр. Тіпті санкцияға ілінген Ресей ақшасы да төл валютамызды әлсіретіп, бағамы алты теңгеге жетіп қалды. Ал экономистер теңгенің қиындыққа тірелуін ішкі жағдайлармен байланыстырып отыр.
«АҚШ ақшасының әлсіреу маусымы» Доллардың әлемдік нарықтағы негізгі валюталарға қатысты арзандауын экономистер осылай атап жүр. Тек, бұл маусымның Қазақстанға қатысы жоқ сияқты. Өйткені, әлемде төмен құлдилап жатқан АҚШ ақшасы бізде керісінше қымбаттап жатыр.
Елімізде бірер күн бұрын 331-ге дейін түскен доллар, көп ұзамай қайта көтерілген. Қазір тіпті, айырбас орындарында 1 доллар 336 теңгеден сатылуда. Ал осы валютаның өзге елдерде құнсызданып жатқанда, Қазақстанда нығая түсуін экономистер ішкі факторлармен байланыстырады.
«Экономикамыздың әлсіздігі. Ішкі экономикамыз шикізатқа негізделген. Бүгінгі күні ішкі экономикада долларға сұраныс үлкен. Осыған байланысты доллардың құны көтеріліп жатыр. Үшінші себеп, ол Қазақстан біз имидждік жобалармен көп айналысып кеттік қазір», — дейді экономист Азаматхан Әміртаев.
Ал доллардың әлсіреуі АҚШ-тың қолдан жасаған ісі болуы мүмкін. Осылайша, Трамп экспортты арттыруды көздеген дейді сарапшылар. Дегенмен, тіс қаққан шетелдік экономистер бұған уақытша геосаяси шиеленістер себеп болғанын айтады. Сондықтан доллардың қиын жағдайы көпке созылмайды.
«Бүгін доллар сәл де болса қалпына келді. Алдағы уақытта ол тағы қымбаттайды. Оған АҚШ-тағы маусымдық жағдай мен пайыздық мөлшерлеменің жоғарылай түсуі оң әсер ететін болады. Сәйкесінше, теңге долларға қатысты 5-10 пайызға құнсызданады. Ол жыл соңына дейін 350-360-қа жетуі мүмкін», — дейді ресейлік сарапшы Олег Богданов.
Теңге-еуро жұбына қатысты болжам да осыған саяды. Қазірдің өзінде 404 теңгеден сатылып жатқан Еуропа ақшасы мұнымен тоқтамақ емес.
«Қазір Еуропа экономикасы қалпына келіп жатыр. Сондықтан жыл ішінде еуро бағамы долларға қатысты 1,30-ға дейін жетуі мүмкін. Ал бұл жағдайдың теңгеге кері әсер ететіні белгілі», — дейді беллорусиялық сарапшы Валерий Полховский.
Ұлттық валютамызды, тіпті, санкцияға ілінген Ресей ақшасы да қатты әлсіретуде. Қазір бір рубль 6 теңгеге жуықтап қалған. Қытай юані да көштен қалмай келе жатыр. Ол жыл басынан бері елімізде 5 пайызға қымбаттапты. Ең қызығы, негізінен мұнайға тәуелді болсақ та, оның бағамы төл ақшамызға оң әсер етпей тұр. Тамыздың ортасында қара алтынның баррелі 50 долларға түскенде, теңгеміз тұрақты болып тұрған. Ал, қазір Brent құны сәл де болса көтеріліп, 51-52-ден сатылуда. Бірақ, одан пайда жоқ.