«Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған велошеруге 800-ге жуық адам қатысты. Олар «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің стадионына дейін, барлығы 11 шақырымды бағындырды. Мәреге алғашқы болып жеткен қатысушыларға ұтыс ойындары өткізіліп, бағалы сыйлықтар мен велосипед ойнатылды. Екі дөңгелекті көлікті алматылық 17 жастағы Рамазан Құрбанов жеңіп алды.
«Бұл велошеруге алғашқы рет қатысып отырмын. Қуаныштымын. Себебі, велосипед ұтып алдым. Енді жыл сафын қалдырмай келуге тырысамын»,- дейді Рамазан Құрбанов.
Сондай-ақ, белсенді қатысушыларға «Спорттық Алматы» бағдарламасының фирмалық футболкалары мен 9 қыркүйек күні «Алматы Аренада» өтетін жекпе-жекке билеттері табысталды. Олар «Alash pride» спортшыларымен суретке түсіп, «көз айқастыру» арқылы өз күштерін сынады.
Сонымен бірге «Office air» компаниясының сертификаттары табысталды. Аталған компания — шараның демеушілерінің бірі.
Осы шарамен бір уақытта аула командалары арасында футболдан жарыс болды. Оған 8 бен 14 жас аралығындағы 1000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша, «А» лигасында ойнаған 64 команданың арасында «Кристал Пэлас», «Император» мен «Майами» командалары жүлделі орындарға ие болса, «Б» лигасында «Арланс», «Тастақ», «Арсенал» ойыншылары 56 команда ішінен үздіктер қатарынан көрінді. Олар медаль, диплом және осы жарыстың демеушісі «Мaxi чай» компаниясының сусындарымен марапатталды.
«Бүгінгі біздің ойынымыз өте әсерлі әрі керемет болды деп ойлаймын. Әр жарыс сайын тек жеңіске ұмтыламыз. Ылғи да футбол ойындарына дайындықпен келеміз. Бұл жеңісіміз соңғы емес деген сенімдімін», — деді «Кристал Пэлас» командасының ойыншысы Аслан Төлеген.
Айта кетейік, «Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.