Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжі – дуальды білім беру жүйесіне көшкен мекемелердің бірі. Әзірге мұнда тек «тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы ғана дуальды жүйе бойынша оқытылуда. Оған бір топтағы 25 студент қатыстырылған. Дуальды білім берудің ережесіне сәйкес, олар қазір қоғамдық тамақтану орталықтарында іс-тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін іс жүзінде шыңдауда. Мамандар алдағы уақытта «ғимараттардың құрылысы мен пайдалануға беру» мамандығында оқитын студенттердің де дуальды білім беру жүйесіне көшірілетінін айтады.
Жалпы, дуальды жүйе теория мен тәжірибені ұштастыра отырып білім беруді көздейді. Алдымен студент, оқу орны мен кәсіпорындардың арасында үшжақты келісім құрылады. Оған сәйкес, студент оқу процесінің 40 пайызын білім ошағында, ал қалған 60 пайызын кәсіпорындарында өткізеді.
Облыс бойынша 39 колледж бар болса, оның 33-і кәсіби-техникалық бағытта білім беретін оқу орындарына жатады. Яғни, оларға дуальды жүйені енгізуге болады. 2017-2018 оқу жылдарында тағы 2 колледж дуальды білім беру жүйесіне көшеді деп жоспарлануда.