Алдағы жылдары Шыңғырлау, Л.Қылышев атындағы Шилі орта жалпы білім беретін мектептерін және А.Тихоненко атындағы (Лубен) мектепті күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба жасалуда.
-Жас мамандарды баспанамен қамтудамыз. Оларға аудан орталығында 39 пәтер, ауылдық жерлерде жеке үйлер салынып жатыр. Өзі мұғалім, отбасы, балалары бар болса тіпті жақсы, келсін, кедергісіз үйдің кілтін қолына ала алады. Көтерме қаржы беріледі – деді А.Есалиев.
Аудан басшысы білім бөлімінің жетекшісі А.Сапаровқа және Л.Қылышев атындағы Шилі ОЖББМ мұғалімі Э.Сапашеваға Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіні тапсырды. А.Тихоненко атындағы мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М.Қалмағамбетова ҚР Ғылым және білім министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Азамат Битингалиев, Ащысай орта жалпы білім беретін мектеп-балабақшасының директоры:
-Биылғы оқу үрдісінде бірқатар жаңалықтармен, жаңаша әдістермен жұмыс жасаймыз. Мектебімізге бір математик келді, енді бір физик және тағы бір математика пәні маманын күтіп отырмыз. Мектепте 84 оқушы бар. Ауылда бос тұрған үйлер көп, яғни, жас мамандарды пәтермен де қамти аламыз.
Айта кетейік, 2017 жылға облыста жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаржы көлемі 369,1 млн. теңге. Жайық өңірінде 14-29 жас аралығындағы 145 мыңнан аса жастар бар (облыс халқының 22,9 пайызы). Оның ішінде 22 400 жас 4 жоғары оқу орындарында оқиды. Биылғы бітірген түлектер саны 7,5 мыңнан асып отыр. Сонымен қатар, 19 886 жас арнаулы орта оқу орындарында білім алуда. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 1246 жас оқып жатыр. Еш жерде жұмыс істемейтін жастардың үлесі 3-ақ пайыз, бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады (республикада орташа көрсеткіш 9 пайыз).
Тоқтар Ғабдірешұлы