«QAZAQSTAN» арнасында экшн жанрындағы жаңа жоба көрсетілмек

Ұлттық арнаның жаңа маусымында көрерменге «24 сағат табиғат құшағында» деп аталатын реалити жоба ұсынылмақ.

Ақпарат және Коммуникация министрі Дәурен Әскербекұлы, ҚазГео Төралқа Төрағасы Төлеген Тастанбеков және «Қазақстан» телерадиокорпарациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин аталмыш реалити-шоудың студиясында болды.

Жоба авторы Лаура Буембаева ұлттық арнаға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Лаура Буембаева
©Baribar.kz

«Біз қазақ телевизиясында үлкен масштабтағы географиялық жобаны бастамақпыз. Бұрын мұндай жоба болмады. Ұзақ уақыт жобаның идеясын ойландық. Бізді қолдағаны үшін «Қазақстан» ұлттық арнасына алғыс айтамыз», — деді ол.

Реалити-экшн шоу «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Қазақ географиялық қоғамының» ортақ жобасы.

Жобаны  «Қазақстан» телерадиокорпарациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин таныстырды.

Ерлан Қарин
©Baribar.kz

«24 сағат табиғат құшағында» тележобасы барлық жастағы көрермендерге арналған бірегей жоба. Онда еліміздің тамаша табиғатын көрсетеміз. Негізгі идея Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасымен астасып жатыр. Жобаның мақсаты –отандық туризмді дамыту, әр салада дараланған азаматтарды көпшілік біле бермейтін жаңа қырынан көрсету. Бұл жобаға жүргізуші таңдау  оңай болмады. Нәтижесінде, талантты жас актер Нұржан Садыбеков таңдап алынды. Бағдарламаның алғашқы санына басты кейіпкер ретінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев түсті. Хабардың әрбір санында әр тұлғаның жаңа қыры мен туған жерінің әсем табиғаты қатар өрілетін болады», — деді Ерлан Қарин.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты осы шоуға қатысуға шақырды.

Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл жобаға қатысу өзі үшін жаңа тәжірибе болмақ.

Дәурен Абаев
©Baribar.kz

«Бұл жобаға шақырту түскеніне қуаныштымын. Менің қолымнан келеді деп сенемін. Алайда, барлығы уақытқа байланысты. Мүмкін болса, жобаның қыркүйек-қазан айларындағы түсіріліміне қатысамын. Ал болмаса, желтоқсандағы түсірілімді күтуге тура келеді», — деді.

Айта кетейік, түсірілім 14 облыста өтеді. Соған сай бағдарлама да 14 шығарылым болмақ.