Басты бет«Саперлар достастығы...

«Саперлар достастығы – 2017» бірлескен оқу-жаттығуы өтті

Аталған оқу-жаттығуға ҚР Қарулы Күштерінен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері қатысты. Атап айтқанда, 75263 әскери бөлімі инженерлік-саперлік батальонының бөлімшелері мен 21450 әскери бөлімі штабтық батальонының инженерлік ротасы.

Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің тарапынан оқу-жаттығуға инженерлік-саперлік взвод тартылған. Бірлескен оқу-жаттығудың мақсаты — тәжірибе алмасу, екі елдің қарулы күштерінің инженерлік-саперлік бөлімшелері арасында жауынгерлік достастықты нығайту, жауынгерлік даярлықтың деңгейін арттыру, сондай-ақ қауіпті жарылғыш заттардан жердің учаскелерін минасыздандыру  бойынша ізгілік тапсырмаларды орындау кезінде Қазақстан мен Қырғызстан қарулы күштері инженерлік бөлімшелерінің бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыру.

«Оқу-жаттығу барысында инженерлік әскерлер бөлімшелері әскерлердің әрі қарайғы іс-қимылдары үшін миналардан жердің учаскесін уақтылы және толық тазарту, сондай-ақ нысандарда әртүрлі қауіпті жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыр жөнінде тапсырмаларды пысықтады»,  — дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлер бастығы полковник Мұрат Жүсіпов.

Оқу-жаттығудың тапсырмаларын іске асыру мақсатында екі елдің бөлімшелері елді мекенде аумақ пен ғимаратты минасыздандыру бойынша жаттығулар өткізіп, ТМЗ зарядымен жаяу әскерге қарсы миналық алаңда өтпелерді орнату жөнінде жаттығулар, сондай-ақ қолмен мина іздегіштермен жолдың учаскесін барлауды жүргізді. Шешуші кезеңде қатысушылар тазартылған аумақты жергілікті атқару органына тапсыруды жүзеге асырды. Алғаш рет аталған оқу-жаттығуға мина іздестіру иттері тартылды. Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында алғаш рет радиобасқарылатын фугастардың радиобелгілерін басу аспаптары қолданылды. Бөлімшелер төрт әскери қызметшіден құралған құрама есептоптар құрамында жұмыс атқарды.

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері инженерлік бөлімшелерінің «Саперлар достастығы – 2017» бірлескен оқу-жаттығуы 22-25 тамыз күндері өткенін естеріңізге сала кетейік.