Батыс Қазақстан облысында биылғы мектеп түлектеріне жергілікті бюджет есебінен 160 студентке білім гранты бөлінді. Жастарға жергілікті бюджет қаржысына жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы облыста арнайы жиын өтті.
Шараға облыс басқармалары мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Облыс әкімі Алтай басқарма басшыларына сұранысқа ие мамандықтар бойынша нақты тізім жасауды тапсырды. Ол гранттарды мамандардың жетіспеушілігі байқалатын салалар бойынша дұрыс бөлу маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, бұл мемлекет есебінен білім алған болашақ түлектер өз салаларындағы кадр тапшылығын жауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады.
Қазіргі таңда облыста медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы саласы және дінтанушы, орыс тілі мамандарына сұраныс көп. Ал жалпы еліміз бойынша, фармацевтикада сату мамандары мен GR-менеджерлер қажет. ІТ-саласында құрастырушылар мен sales-менеджерлер сұранысқа ие. Осыны ескерген облыс әкімі қай мамандыққа грант көбірек бөлінетінін де анықтауға тапсырма берді.
Облыстық бюджет есебінен бөлінген білім гранттарының да өз ерекшелігі бар. Мемлекеттік грант секілді тегін оқып, басқа мамандықта жұмыс жасай алмайды. Олар оқуларын аяқтағаннан кейін Батыс Қазақстан облысына келіп еңбек етулері міндетті.
Кеңес қорытындысында облыстық бюджет есебінен 160 мектеп түлегіне білім гранттарын бөлу жөнінде шешім шығарылды.
Айта кетейік, грант иелерін арнайы комиссия анықтайтын болады. Арнайы комиссия мектептер мен облыстық білім беру басқармасынан құрылады.
Тоқтар Ғабдірешұлы