Оралда»Жастар-Отанға» саяси лагері жұмыс істеуде

Оның негізгі мақсаты — жастардың бойында зияткерлік, рухани және креативтік капиталды қалыптастыру. Лагерьге қатысушылар түрлі оқыту семинарларына қатысып жатыр.  Соның ішінде, атап айтқанда 3 күн бойы өзін-өзі дамыту, шешендік қабілетті күшейту бағытында өтетін оқыту семинарлары өтуде.

Әлеуметтің әлді тобы – жастар. Оларда кез-келген жобаны іске асыратын қуатты күш, шуақты күй бар. Жастардың саяси лагері — жастар үшін ашық диалогтың алаң. «Жастар-Отанға!» — бұл Қазақстанның бүкіл облыстарынан келген креативтік жастарының жиыны. Мұнда олар демалып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа саяси технологияларды игеру мүмкіндігін алады. Жас буынның саяси сауаттылығын арттырып, патриоттық рухын ұлықтайтын жоба елу елдік мәселелерді, жастар проблемасын шешуге мүдделі. Жастар саяси лагерінде əлеуметтік тапсырыс бойынша қатысушылар көкей кернеген, өзек өртеген мәселелерін ортаға салды.

Лагерьдің ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан келген 120 белсенді жас қатысты. Келген жастарды БҚО “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен арнайы құттықтады.

Қатысушылар шара барысында түрлі жобаларға қатысып, елге белгілі тұлғалармен кездесті. Атап айтқанда, қоғам қайраткерлерімен, спортшыларымен, саясаткерлермен және республикалық телеарналардың жүргізушілерімен жүздесті. Олардың қатарында тележүргізушілер Мейіржан Әлібекұлы, Мирас Мұқаш, жергілікті алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, күрестен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова және т.б. бар.

Айта кетейік, басқосу Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында және «100 нақты қадам» бағдарламасында көрсетілгендей жастардың бойында Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.

Тоқтар Ғабдірешұлы