Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылған болатын. Бюро атқарылып жатқан жұмыстарды талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Биыл желтоқсан айына дейін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 17 кітап аударылады.

Рауан Кенжеханұлы
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры

Рауан Кенжеханұлы: «100 жаңа оқулық» бағдарламасын жүзеге асыру үшін коммерциялық емес ұйым құрылды. Осы ұйымның үйлестіруімен аударма жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 17 оқулықты аудару бекітілді. Оқулықтарды іріктеу үшін барлық жоғарғы оқу орындарынан 800-ге тарта ұсыныс түсті. Соның ішінен ақылдаса отырып, осы 17 оқулықты іріктеп алдық. Оқулықтарды аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ұстаз, ғалымдарынан тұратын жұмыс тобы құрылды. Әр оқулықтың өз жұмыс тобы бар. Оқулықтарды ұстаздар мен студенттер пайдаланатын болғандықтан, сол оқу орнында жұмыс істейтін ғалымдар аударуға ат салысып жатыр. Себебі, бұл оқулықтарды оқытушылар күнделікті жұмысы үшін ағылшын тілінен, басқа тілдерден лекцияға аударып, қолданып жүрген. Келесі кезекте, осы оқытушылар жасаған мәтіннің алғашқы нұсқасына сырттан шақырылған ғалымдар ғылыми сараптама жасайды. Сосын, редактура жасау үшін тіл мамандары тартылады.

Айдол Сарым, саясаттанушы
Айдол Сарым, саясаттанушы ©Baribar.kz

Айдос Сарым: Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті болуы үшін адам жан-жақтан келіп жатқан ғылыми ағымдарды анық түсініп, ақ-қарасын ажырата білуі қажет. Біз сияқты саны көп емес, бірақ аз да болса әлеуеті бар мемлекеттер  аударма ісін жоғары дәрежеде ұстайды. Олардың қатарында Норвегия мемлекеті бар. Тіпті біздің түсімізге кірмейтін әлем әдебиеттерін норвег тіліне аударып жатады. Олардың түсінігі мынадай: «Біз — кішкентай елміз. Ешқандай баспа, ешқандай бизнес бізге әлем әдебиетін аударып бере алмайды». Сондықтан бұған мемлекет араласуы керек деп есептейді. Біздің елде де осындай бастама көтеріліп жатыр. Кез келген мемлекеттік бастама баянды болуы үшін ол кем дегенде қоғамның қолдауы мен ілтипатына ие болуы керек. Олай болса, Қазақстанның аудармашылар ұйымын, яки қауымдастығын құрудың уақыты келді. Оған осы кезге дейін бар аудармашылардың қатарын тартып, сонымен қатар жаңа аудармашылар санын көбейту керек сияқты. Сондай-ақ аудармашылардың кәсібилендіру мәселесіне де аса ден қою керек. Болашақта қоғамдық ғылымдардың аудармашылары пайда болады деген сенімдеміз.

«Ұлттың зиялылығы артып келеді»

Бұл — қоғамға беріліп отырған жаңа білім. Екінші жағынан осы арқылы қазақ тілін түлететін, дамытатын, оның заңдылықтарын сақтай отырып, жаңа терминдерді алып келуге мүмкіндіктер ашылады деген ойдамын. Қазіргі уақытта бір термин әр салада түрліше қолданылып жүр. Менің ойымша, бұл — Ұлттық аударма бюросының жұмысы. Бәлкім, арнайы сайттар, журналдар ашу керек болар. Бүгінгі аударылып отырған 17 оқулық аясында да көптеген мәселе бар. Әдістемелік тұрғыдан әр ғалым аптасына бір дүние жарыққа шығарып, «мінеки, мен мынадай тарауды аударып жатырмын, қарап отырсам, ішінде мынадай термин бар. Осы кезге дейін мынадай нұсқада аударылып келген екен, бірақ бұл осы ғылымның концепцияларына сәл томпақтау келеді. Осыны қалай етпек керек?»- десе, әлдеқайда пайдалы болар ма еді?! Қазір біздің аудармаларға осындай дау-дамай, қызу талқы ауадай қажет. Сонда ғана біздің тіл дамиды. Қазақ тілі ошақ басы, тұрмыс-тіршілік айналасында ғана қалмай, ғылым, бизнес т.б. салаларға жақындай бастайды. Сондықтан, бұл — мемлекеттің модернизация үдерісінің құрамдас бөлігі. Себебі, кез келген нәрсе идея, ілім мен білім төңірегінен туындайды. Кезінде Алаш қайраткерлері де ісін ағартудан бастады. Өз заманында жүздеген актуалды шетелдік мақалаларды аударды. Қазіргі уақытта аударма ісінің мемлекеттік мәселе ретінде көтерілуі ұлттық зиялылығының артқандығының көрінісі деп ойлаймын. Ұлттық аударма бюросының ісі мемлекет пен қоғам қоян-қолтық араласа отырып, жұмыс істейтін үлкен бір қоғамдық қозғалысқа айналса деген үмітіміз бар.

Әлия Масалимова
Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова ©Baribar.kz

Әлия Масалимова: Сәуір айынан бастап осы жобаның ісіне белсенді қатысып отырмыз. Ұлттық аударма бюросымен қандай кітаптарды аудару мәселесі төңірегінен бастап, қазіргі аударма ісіне философия және саясаттану факультетінің оқытушылары, профессорлары белсенді араласып, жұмыс істеп келеді. Оқулықтарды таңдау, олардың сапалы аударылуы тұрғысындағы мәселелерге баса назар аударып жатырмыз. Филосорфия ғылымы бойынша кітаптарды таңдау кезінде әлемнің үздік оқу орындарында қолданылып жүрген, бірнеше басылым көрген, әрі қазіргі заманда мазмұны жағынан актуалды төрт оқулықты таңдап алдық. Қалың көпшіліктің игілігіне қызмет етеді деген сенімдеміз.

Назгүл Қожабек
Ұлттық бюроның жауапты редакторы Назгүл Қожабек

Назгүл Қожабек: Экономика ғылымы бойынша таңдалған әдебиеттер тізімдегі Грэгори Мэнкьюдің «Economics» оқулығы бойынша ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұжымы, сегіз аудармашы, бір редактор, бір үйлестіруші редактор құрамда жұмыс істеп жатыр. Жұмыстың жүргізілуін декан Баян Жүндібайқызы өз бақылауында ұстап отыр. Қазіргі уақытта жұмыстың 90%-ы аяқталды. Екінші кітап Нархоз университетінің профессор-оқытушыларының қолында. Ал үшінші кітап Алматы Менеджмент Университетінің оқытушыларының еңбегімен аударылып жатыр. «100 кітап» жобасының басты принципі де осы — пән саласы мамандарының потенциалын пайдалану. Аударма командасы шетелде оқып келген, терминология саласында тәжірибесі бар мамандардан жасақталды.

Досай Кенжетай
Л.Н. Гумилев атынд. ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай ©Baribar.kz

Досай Кенжетай: Аударма саласындағы ең басты қажеттілік тілді білу емес. Аудармашы алдымен аударылып отырған құбылысты тани білуі қажет. Дінтану саласы бойынша «100 жаңа оқулық» жобасына кіретін кітаптарды осы саланың мамандары аударып жатыр. Командадағы төрт шәкіртіммен алдымен Кэрен Армстронгтың кітабын өзімізше оқып талдап, әр тұсын қалай аудару керектігіне мән бердік. Кітап 4000 жылдық кезеңді қамтиды. Кітапты аудару мұқияттылықты әрі үлкен еңбекті қажет етеді. Қазақ аудармашылары тіліміздің болмысына, тарихына зер сала отырып қана жаңа ғылыми терминдерді тілімізге енгізе алады. Ал егер «мынау Батыстың термині, бұл арабтікі, бізге мұндай терминдер сәйкес келмейді» деген комплекспен қараса, біз қазақ тілінің байлығын ешқашан тани алмаймыз. Қазақ тіліне өркениеттік нұсқалармен қарау керек. Менің ойымша, аудармадағы ең басты мәселе болмысты тану және оның танымдық талаптарынан хабары бар мамандарды үйлестіре білу керек. Сонда ғана нәтижелі жұмысты атқарамыз деп есептеймін.

Анар Фазылжанова
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова ©Baribar.kz

Анар Фазылжанова: Аударма кезінде қалыптасқан терминдер өзгеріссіз қалса деген ұсынысымыз бар. Мысалы, «потенциал» сөзі «әлеует» болып аударылды. Алдағы уақытта «потенциал» сөзін қазақ тілінде қолданбаған жөн деп есептейміз. Сол тәрізді жиілігі қатар қолданылатын сөздерге герменевтика заңдылығына сүйене отырып пайдалануды дұрыс деп санаймызмыз. Бұған мысал «құнсыздану» және «девальвация» сөздері. Мұндай нұсқалар өте көп. Аударма кезінде осындай түрлі мәселелер туындауы мүмкін. Сол кезде Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан кеңес сұрасаңыздар болады. Біз әрқашан анығын көрсетіп беруге дайынбыз.

Есенгүл Кәпқызы
Есенгүл Кәпқызы, журналист ©Baribar.kz

Есенгүл Кәпқызы: Осындай талқылаудың өткізілуіне тек қуанышты екенімізді білдіреміз. Бізге берілген кітап аудармасы жұмысының 70%-ы аяқталды. Аударма кезінде мынадай мәселеге тап болдық: басқа тілдерде сөздің аудармасын, мағынасын іздегенде бірден табылады. Ал қазақ тілінде ешқандай түсіндірме, аударма сөздіктері интернетте жоқ. Бұны біз мойындауымыз керек. Алдағы уақытта түсіндірме сөздіктерінің электронды нұсқасы жасалса және бұл сөздік екі немесе үш тілде салыстырмалы нұсқада болса деген ниеттеміз. Өйткені қазақ тіліндегі ұғымдар орыс тіліндегі, ал орыс тіліндегі ұғымдар ағылшын тіліндегі ұғымдармен сай келмейді. Google аударманың деңгейі өте төмен. Бұл олқылықтың орнын міндетті ұйымдар толықтыруы қажет. Бірлесе отырып жұмыс істесек, нәтиже шығарамыз деген үміттемін.

“Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылауға арналған дөңгелек үстел ©Baribar.kz

Ұлттық аударма бюросы тәржімалап жатқан 17 кітаптың тізімі:

  • Derek Johnston. A Brief History of Philosophy: From Socrates to Derrida
  • Anthony John Patrick Kenny. A New History of Western Philosophy (In Four Volumes). Volume 1
  • Anthony John Patrick Kenny. A New History of Western Philosophy (In Four Volumes). Volume 2
  • Реми Хесс. 25 ключевых книг по философии
  • David Brinkerhoff, Suzanne Ortega, Rose Weitz. Essentials of Sociology. 9th Edition
  • George Ritzer. Sociological Theory. 10th Edition
  • Elliot Aronson. The Social Animal. 11th Edition
  • Duane P. Schultz, Sydney Ellen Schultz. A History of Modern Psychology. 11th Edition
  • David Myers. Social Psychology
  • Gregory Mankiw. Economics. 4th Edition
  • Donald F. Kuratko. Entrepreneurship: Theory, Process, and Practice. 10th Edition
  • Ricky W. Griffin. Management. 12th Edition
  • Karen Armstrong. A History of God: The 4,000-Year Quest of Judaism, Christianity and Islam
  • Victoria Fromkin, Robert Rodman, Nina Hyams. An Introduction to Language, International Edition
  • Светлана Тер-Минасова. Язык и межкультурная коммуникация
  • Alan Barnard. History and Theory in Anthropology Theory
  • Klaus Schwab. The Fourth Industrial Revolution

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!