«Жаңа әліпби жасауды қолға алдық. Тарихқа көз салсақ, бұрын түріктің көне әліпбиін қолдандық, одан кейін бабаларымыз араб әліпбиін алып келді, Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы да қолданыста болды, 40-шы жылға дейін латын әліпбиі болды, содан кейін кириллицаға көштік. Енді қайта латын әліпбиіне өткелі отырмыз. Алайда бұл кириллицадан басқа жаққа кетіп қалайық деген саясаттан шығып отырған жоқ», — деп түсіндірді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әліпбиді қазақ тілінің грамматикасы мен стилистикасын ескере отырып жасау керек дейді. Өйткені қазіргі әліпбиімізде тілімізге керексіз әріптер бар.
«Мысалы, қазақта щ,я деген дыбыс жоқ. Японияны Жапония дейміз. Айыру белгісі, жіңішкелік белгісі, ч, ц дегендердің тіптен керегі жоқ. Ал аталған әріптердің бәрі қазіргі әліпбиімізде тұр. Пайдаланылмайды, пайдаланылса тілімізді бұзып жібереді», — деді Президент «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында.