«Туған жер» деп аталатын бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған ауысым демалушыларын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов пен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі Салтанат Тұманбаева құттықтады.
-Бүгін сіздердей еліміздің отансүйгіш жастарымен кездескеніме өте қуаныштымын. Отанға деген махаббат туған жерді танып-білуде көздеген көптеген қызықты іс-шаралар өтетін осы «Еуразия» секілді балалар кешендерінен бастау алады деп есептеймін. Үйлеріңе қайтқаннан кейін демалыста алған әсерлеріңді, туған жер туралы естіген-білген мағлұматтарыңды достарыңмен бөліседі деп сенемін, – деді Б.Нарымбетов өз сөзінде.
Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Фиктор Фомин атап өткендей, тынығушы ұландар «Самал» туристік лагеріне екі күндік жорыққа шығып, одан кейін әйгілі Шалқар көлінде шомылмақ.
-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жас ұрпақтың жаңаша сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған аса маңызды бағдарламалық құжат. Онда туған өлкені тану ерте жастан басталуы керектігі өте дұрыс айтылған. Өкінішке орай, кейде біздің ұландар өзі туған өңірдің емес, өзге елдің тарихын жақсы біліп тұрады. Мұндай олқылықты болдырмау үшін «Еуразия» орталығында Батыс Қазақстанның тарихын ғана емес, сонымен қатар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін де терең таниды. Биыл турбаза ауласына балалардың күшімен ағаштың 70 түрі отырғызылды-деді В.Фомин.
Тоқтар Ғабдірешұлы