«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Берел құпиясы» көрмесінің ашылу салтанаты болды.
Көрмені әйгілі профессор, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев ашты. Ол — Берел қорғандарын тапқан археолог. Сонымен бірге Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабындағы тәрбие және идеология жұмыстары Департаменті басшысының орынбасары полковник Қайсар Мұғалов қатысты.
Көрмеге жылқының сүйектен жасалған ер-тұрмандары, сақ қорғанынан табылған ат әбзелдері, біздің заманымызға дейінгі 2-1 ғасырларда өмір сүрген ер мен әйелдің антропологиялық қалыпқа келтірілген мүсіндері, қола айна, әшекейлер мен өзге де заттар қойылды.
Көрмеге қаланың тұрғындары мен қонақтары келді. Олардың ішінде қытайлық студенттер де бар.
Естеріңізге сала кетейік, Берел қорғанын ашып, ағаш бұйымдарды сақтау жолдарын анықтағаны үшін Зайнолла Самашевке 2001 жылы «Тарлан» сыйлығы берілді.
Берел қорымы – сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш. Онда 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20 ескерткіш зерттелді, солардың ішінде №4, 9, 10, 11 обаларынан тоң басқан қабірлер аршылды. Берел қорымы обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Ондағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Қорымда киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Берел қорымынан табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымдарының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-сын анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды.
Еліміздің тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі 2015 жылдың 1 желтоқсанында ашылған. Бұл жерде қазақ халқының батырлық жылнамасы болып табылатын барлық жәдігерлер жинақталған.