ЭКСПО көрмесінде қытайлық Гуандун провинциясының апталығы басталды

Салтанатты ашылу рәсімінің ресми бөлімінде Гуандун провинциясының халықаралық сауда-саттық жөніндегі Комитеті мен Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігі достастық туралы келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарт аясында Гуандун мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту жоспарланған.

Гуандун - Қазақстан келісімі
©Kazakhstan Investment Cooperation Agency

Одан басқа, Қытай мен Қазақстанның бизнесмендерінің қатысуымен ресми кездесулер өтті. Қытай әртістерінің қатысуымен қойылым болды.

Қытай делегациясын Гуандун провинциясының Бас хатшысының орынбасары Ли И Вей бастап келді. Делегация құрамында провинцияның басшылары болды.

Ал, еліміздің тарапынан Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің басшысы — Айдын Байеділов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары — Бауыржан Қасенов, сондай-ақ, инвестиция және даму, энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Гуандун апталығы
©Kazakhstan Investment Cooperation Agency

«Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы шекаралық саудадан стратегиялық серіктес деңгейіне дейін өсті. Қазіргі таңда еліміз бен Қытай провинцияларының арасындағы байланысты нығайту — басты мәселелердің бірі. Гуандун — Қытайдың экономикалық көшбасшысы. Сол себепті біздің облыстарымыз, Алматы мен Астана қалалары үшін Гуандун сияқты алып шаһармен байланыс орнату пайдалы болмақ. Гуандун біздің еліміге оңтүстік-шығыс Азияға шығуға мүмкіндк береді. Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігі бұл байланыстарды қолдауға дайын»,- деді агенттік басшысы Айдын Байеділов.

Ал, Гуандун провинциясы бас хатшысының орынбасары Ли И Вей болса, өз сөзінде Қытайдың Қазақстанның ең басты сауда және инвестициялық серіктесі екенін айтты.

«Қытай мен Қазақстан халқының арасындағы достық өзге елдер үшін үлгі бола алады»,- деді Ли И Вей.

Гуандун провинциясы апталығының аясында «Болашақтың энергиясы, жасыл Жібек жолы», энергетикалық форум, Гуандун-Қазақстан экономика және сауда-саттық жөніндегі конференциясы, жаңа энергия өнімдерін көрсету, «Әдемі Гуандун» фотокөрмесі болады.

Қытай биі
©Kazakhstan Investment Cooperation Agency