Марафон Бурабайдағы Абылайханның алаңынан бастау алып, Астана қаласындағы ЭКСПО-қалашығына дейін жүріп өтті, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аса ұзақ жүгірістерге қатысқаны үшін Гиннес рекордтар кітабына енген тәжірибелі марафоншы Балғабай Күлпеисов 1993 жылдан бастап өзінің марафондарын «Ұлыларға тағзым» деген атпен қазақ елінінің ақындары мен батырларына, тарихи маңызы бар даталарға және оқиғаларға, сонымен қатар белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне арнап келеді. Мысалы, 2007 жылы спортшы Астанадан украиналық Днепродзержинск қаласына дейін 3 500 шақырым жүгіріп өткен. Бұл жүгірісті марафоншы Украинада өткен Қазақстан жылына арнаған екен.
Балғабай Күлпеисов көптеген елдерде болып, 90-шы жылдарда Құнанбай мен Қажымұқанның жолын қайталап, Меккеге дейін барған. Бүгінде марафоншы 60 жаста. Озі біртума адам. Өлеңдер жазып, өткен өмірінен алынған көптеген қызықты оқиғалармен бөлісуге ынтызар. Басқа елдерде өткен марафон жүгірістері кезінде талай қызық әрі танымал адамдармен кездескенін айтып отырады.
Өмірлік ұстанымы – «Ашық бол, сонда сенің алдыңда барлық жолдар ашылады». Марафоншының өмірлік ұстанымы және спортқа деген әуестігі өзгелерге үлгі болуға әбден лайық.