Жамбылда халықтың төрттен бірі спортпен айналысады

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, қой жылы жамбылдық спортшылар үшін өте табысты болған. Елеулі жеңістерге қол жеткізген спортшылар  талай халықаралық додаларда ел намысын қорғап, көк туды желбіреткен. Оларға нақты тоқталатын болсақ, 2015 жылы Жамбылдағы спорт саңлақтары Азия чемпионаттарында 111 медальға ие болған. Оның 52-сі алтын жүлде. Оған қоса халықаралық додаларда облыс қоржыны 194 медальмен толықса, 823 жүлдеге республикалық чемпионаттарда қол жеткізілген.

— Жамбылдықтарды өз жеңістерімен дзюдошы Елдос Сметов, боксшылар Олжас Сәттібаев, Асланбек Шымбергенов, палуан Бейбіт Ыстыбаев,  ауыр атлет Жасұлан Қадырбаев, паралимпиадалықтар Зүлфия Ғабидуллина мен Нышан Өмірали, «Тараз» волейбол клубы қуантты, — деп атап өтті Г.Қайнарбеков. Осы ретте айта кетейік, аймақта бұқаралық спортты дамыту жұмыстарының нәтижесінде спортпен шұғылданушылар қатары артып келеді. Мәселен, бүгінде облыста 282 мың тұрғын спортпен шұғылданады екен. Басқарма басшысының айтуынша, бұл облыс халқының 25,5 пайызы. Нәтижесінде 2014 жылмен салыстырғанда дене шынықтырумен айналысушы тұрғындар саны 2 пайызға артыпты. Салауатты өмір салтын ұстанғандардың үштен бірі спорттық мектептерде тұрақты түрде жаттығады.

Дереккөзkorrespondent.kz