Басты бетЖаңалықтарӘділбек Жақсыбеков:...

Әділбек Жақсыбеков: Гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі Жобалық кеңсе жұмысын бастағаннан бері министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жобаны пысықтап шықты.

«Соңғы төрт айда Елбасы ұсынған бағдарламаны жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмысқа белсенді қатысып жатыр, сондай-ақ облыстарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшылық топтар құрылды. Орталық жобалық кеңсенің жұмысымен жаңа танысып шықтық. Өздеріңіз көрдіңіздер, көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссияның арнайы топтары жұмысының алғашқы нәтижелері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық», — деді өтті Әділбек Жақсыбеков.

Ұлттық комиссия төрағасының сөзіне сүйенсек, бүгінде жаңа әліпбидің жобасы жасалған. Ал, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бойынша 600 нысан белгіленіп, олардың 22-сінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталған.

«Туған жер бағдарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәдениет бағытында ең үздік шығармалар таңдап алынды», — деді төраға.

Сонымен қатар Ә. Жақсыбеков «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалғанын және оларға аударма жасау шаралары басталғанын атап өтті.

«Бұл осы жұмыстың басы ғана. Барлық бағыттар бойынша жоспарлы мақсаттар бар. Оны қоғам қолдап отыр. Келешекте үлкен жұмыстар атқарылады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық жобаға айналуы керек»,-дейді Жақсыбеков мырза

Белгілі болғандай, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалды. Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енді.

Бұдан бөлек, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті, оларды ары қарай ашық дауыс беруге ұсынылатын аралық пулдар болады

ДереккөзInform.kz