Секция жұмысын ашқан мектеп директорының орынбасары Гүлзина Нағибованың айтуынша, оқу мазмұнының жаңартылуы өмірдің түрлі саласындағы болып жатқан әлемдік өзгерістермен, соның ішінде қоғамның жаһандануымен, технологияның қарыштап дамуымен, ақпараттың көптүрлілігімен және ғаламтордың қолжетімділігімен байланысты. Бұл өзгерістер өз кезегінде жаңа ұрпақты бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында қажетті маман болуға тәрбиелеуге жетелейді. Бұл бағдарламада пәннің мазмұны, базалық дағдылар сол күйінше қалады, тек нақты пәндерді оқыту әдістемесі, технологиясы, әдіс-тәсілдер және оқушы жетістігін бағалау жүйесі өзгереді.
Назарбаев зияткерлік мектебінде екі күн бойы облысымыздың 1000-ға жуық мұғалімі білім беру мазмұнындағы жаңалықтардың өзекті мәселелерін талқылап, оны жүзеге асыру тетіктерін қарастыруда. Секция жұмысы барысында мектеп педагогтары «Жаңартылған мазмұнның пәндер бойынша оқу бағдарламалырынң ерекшеліктері» және «Сабақтарды критериалды бағалауды қолдану» тақырыптарында шеберлік кластарын өткізуде. Мұнда олар сабақ жопарын құру, оқушылардың зерттеу және сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, тақырыптар бойынша критерийлер жасау, қалыптастырушы және жиынтық бағалау бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ мектеп фойесінде жаңартылған мазмұн бойынша оқу-әдістемелік құралдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Дәл осындай секция жұмыстары қаламыздағы М.Ықсанов атындағы №36 мектепте өтті. Мұнда педагогтар жаңартылған мазмұн бойынша бейімдеуден өткен пилоттық мектеп ретінде өз тәжірибесімен бөлісті.
Жалпы жаңартылған бағдарламаға орай мұғалімдерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жаңартылған мазмұндағы білім беруді енгізуге дайындық барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімдердің әр түрлі категорияларына арналған 78 біліктілік арттыру бағдарламаларын, соның ішінде пән мұғалімдері үшін 66 бағдарлама әзірледі. Батыс Қазақстан облысы бойынша 61 тренер дайындалды, оның ішінде біліктілікті арттыру жүйесінің қызметкерлері (Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» БА ҰО) және 27 пән мұғалімі бар. Соңғы үш жылдың ішінде Батыс Қазақстанда жаңартылған мазмұндағы білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарында 5243 педагог оқыды (облыстағы мұғалімдердің 43,7%-ы). Биылғы жылы Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген курстарда мұғалімдер жаңартылған мазмұнның құрылымымен, оқу бағдараламаларымен, пәндер бойынша оқу жоспарларымен, критериалды бағалау жүйесімен, жаңа оқулықтармен танысып, меңгерді.
Тоқтар Ғабдірешұлы