Басты бетАстанада ақын...

Астанада ақын Есенғали Раушановтың шығармашылық кеші өтті

Шара Маңғыстаудың мәдениет күндері аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ақынның 60 жас мерейтойына орай өткізіліп отыр. Шығармашылық кеш «Шабыт» шығармашылық сарайының Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында болды.

Әдеби шараны «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржан жүргізді. Ақын туралы арнайы фильм көрсетіліп, көрермен назарына «Айша Бибі» театрландырылған қойылымы ұсынылды.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов кешке қатысып, өзінің құттықтау лебізін білдірді.

«Бүгінгі кештің орны айрықша, қазақ әдебиеті үшін мағыналы күн. Патриоттық жырларыңызбен егемендік алғанға дейінгі жылдардағы тынысын тарылтып, ұлттық намысына батқан қазақ халқының рухын асқақтатып, ұлттың бірлігін күшейту жолында қосқан ерен еңбегіңіздің үлесі мол. Олай болса, еліміздің жеткен жетістіктері мен алған асулары, толағай табыстары Сіз секілді халқы үшін туған асыл ұлдарының арқасы. Рухты жырларыңыздың ғұмырлы болуын тілеймін», — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Кеш соңында автор көрерменге өз алғысын білдірді.

«Барлықтарыңызға көп рехмет! Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел күткен ең үлкен жаңалық болды. Н. Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес облысымызға жаңа басшы келіп, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Оған халық куә.Осы орайда Ералы Тоғжановқа алғысымды білдіргім келеді», — деді Есенғали Раушанов.

Айта кетейік, кеш барысында Маңғыстау әншілері ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, жас ақындар өлең оқыды.