Кеше туристік операторлар «Астана ЭКСПО-2017» басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтен халықаралық көрмені 1 қарашаға дейін созуды сұраған еді. Олардың айтуынша, көрме көп табыс табуға мүмкіндік берген.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының мәліметінше, көрме басталған сәттен бері Астанаға 1 миллион 772 мың 489 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көп.
«Кеше бастамашыл топ өкілдерімен кездесіп, уәждерін тыңдадық. Әрине, олар үшін қуаныштымыз, ЭКСПО-ның басты міндеттерінің бірі туризмді дамыту еді. Дегенмен, ЭКСПО халықаралық көрмелер бюросының регламентіне сәйкес, 3 ай ғана жұмыс істейді. Бұл — кәсіпкерлердің ұсынысын қабылдай алмауымыздың басты себебі. Оның үстіне Көрменің халықаралық қатысушыларының бюджеті есептеулі, көрмені ұзарту оларға да оңайға соқпасы анық», — деді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Сонымен бірге, Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы көрме аяқталған соң Нұр Әлем павильоны «Болашақтың музейі» деп аталып, туристік нысан ретінде қалдырылатынын айтты. Арт орталық пен Үздік тәжірибелер аймағы, конгресс орталық пен Энергия Холл да жұмысын жалғастыра бермек.