“Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.
Есесіне сыпайылық пен мәдениеттің озық үлгісін көрсеткен жапон елінде қазақ білімгері робот жасаудың қыр-сырын меңгеріп келді. Жарты жыл ішінде одан сабақ алған 40 студент өзінің төлтуынды технолгиясын құрастырып шықты.
Бір жыл Англияда, үш жыл Жапонияда білім алдым. Қазіргі уақытта робототехника саласы бойынша түрлі жобалармен айналысып жатырмыз. Солардың бірі медицина саласына бағытталады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнап экзоскилет жасап жатырмыз. Біз жасаған экзоскилет — жасанды қол, аяқ — адамның денесіне сүлбе ретінде жабыстырылады. Экзоскилеттің буындарында қозғалтқыш болады. Жүре алмайтын адам денесіндегі осы қозғалтқыштар арқылы амалсыздан жүреді.
Экзоскилет арқылы адам қалай жүріп бастайды, солай өзіне деген сенімділігін қайта күшейтеді. Себебі ми мен қозғалыссыз қалған дене мүшесінің арасында байланыс туады. Барлығы қалпына келгеннен кейін экзоскилетті шешіп тастауға болады. Бұны студенттеріммен бірге жасап жатырмыз.
«Адам миының жұмысын роботқа бейімдейміз»
Тағы бір қызықты жобамыз биосенсорлармен жүзеге асып жатыр. Адам денесіндегі бұлшық еттер жиырылғанда, өзінен ток бөледі. Оны біз микроэлектродтар арқылы сезіп отырамыз. Осыған байланысты қазір адамның жасаған қимылдарының алгоритмін жазып жатырмыз. Ол — өте күрделі процесс. Жоспар бойынша алған алгоритмімізді роботқа бермекпіз. Бұны аяқтағаннан кейін, сигналды адамның миынан аламыз. Ол үшін майнд флекс арқылы қол-аяғы жансыз, тек миы қызмет ететін адамды жатқызып ми алгоритмін жазбақпыз. Сегіз сигналдың барлығының алгоритмін алғаннан кейін, оны роботқа бейімдемекпіз.
Осы уақытқа дейін 12 робот құрастырдым. Ең бірінші робот тұрақтылықты сақтайтын құрылғы болды. Жер сілкінісі кезінде оның үстіне қойылған зат қозғалыссыз сақталатын. Кейіннен заттарды жинақтайтын, белгіленген сызық бойымен жүретін мобильді роботтарды көп құрастырдым. Манипулятор, қолға протез жасадық. Ірі жобалардың бірі «Ямомото» робот-гибдрит болды. Қазір робот-фермерді құрастырып жатырмыз. Ол қызынақты өзі отырғызып, суарады, шөбін жұлады. Түнімен шаршамай жұмыс істей береді. Арамшөптерді өсіртпейді, өзі отырғызған өсімдікті сақтайды. Бұлардан бөлек, санмен басқарылатын білдектерді жасаймыз. Бұлардың барлығын қолданысқа енгізу үшін, маған үлкен команда керек. Сол үшін де студенттерді оқытып жатырмын.
«Матрица» фильмі шындыққа айналуы мүмкін»
Жасанды интеллект қазіргі кезде қарқынды дамып келеді. Жақында Facebook желісіндегі жасанды интеллект бағдарламасын жауып тастады. Өйткені роботтар өз тілін құрастырып алды. Бұған дейін жасанды интеллект роботтар бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлесетін. Бір күні байқаса, ешкім түсінбейтін тілді ойлап тауып, өзара байланысатын болған.
Робот ешқашан шаршамайды, бар керегі интернет пен ток болса — болды. Адамнан қарағанда, мың есе тез жұмыс істейді. Бұл жаңалықты естігеннен кейін, тіксініп қалдым. Бес жыл бұрын мақалалар оқып жүргенімде, жасанды интеллект қойдан ақылды болмаған. Осындай құбылыс орын алғаннан кейін, алдағы бес жылда не болатынын білмеймін.
«Жасанды интеллектке қатаң шектеу керек»
Кодты біз өзіміз жазамыз. Робот оны орындайды. Біз оған код берсек, ол өзінің кодын жасап алатын деңгейге жетті. Қарабайыр түсіндірер болсақ, біз оған әліпбиді үйреміз, сөзді өзі ойлап табады. Одан кейін сөйлем жазады, кейін поэма құрастырып отырады. Қорқынышты емес пе?! Жасанды интеллекті қолдаймын. Дегенмен қатаң протоколдар арқылы оған шектеу қажет. Мысалы, жасанды интеллектің адамға зияны тимеуі керек, ол толық адамның басқаруында болуы қажет.
Google іздеу жүйесінің негізін қалаушы Сергей Брин жасанды интеллекті бағдарламалап шығарды. Қазір ол түрлі зат ойлап таба бастаған. Дизайн үйлестіреді, басқа да қызметтерді атқарады. Бірақ бұларды қалай жасап жатқанын тіпті оны құрастырушы да түсінбейді.
Конституцияда заң қалай жазылса, код та тура солай жазылады. Бірақ өкінішке орай Конституцияны айналып өтетіндер бар ғой. Сол тәрізді роботтардың ішінде кодты айналып өтетіндері бар. Жоғарыда айтқандай шектеу болмаса, «Матрица» фильмі шындыққа айналуы таңқаларлық жағдай болмай қалады.
«Компьютер ойнағандар озады»
Фукусимада жарылыс болған орынды зерттеу үшін, дрон жасадық. Біз жасадық, бірақ оны басқара алмадық. Оны басқару үшін геймерді (компьютер ойыншысы) жалдадық. Ол — таңнан кешке дейін компьютер ойнайтын бала. Қазіргі уақытта пилотсыз аппараттар көп. Оларды басқаратындар — геймерлер. Пилотқа 10 мың $ мың доллар төлегенше, геймерге 2 мың $ доллар төлеген әрине тиімді. Танымал «Pokemon Go» ойынын құрастырған Nintendo компанияcы да геймерлерді жұмысқа алады. Қазір ойнап отырған балаларға қарап, «болашағы бар екен» деп те қаламын. Бұрын ойын ойнап ақша табуға болады десе, сенбес едім. Ал қазір роботохника, жасанды интеллект, пилотсыз аппараттардың дамуына қарап, ойыншының табысты «маман» болатындығына көзім жете бастады. Болашақта кәдімгі көліктер де роботпен басқарылатын болады. Менің ойымша, робототехника алдағы уақытта медицина, қызмет көрсету және қорғаныс саласында қатты дамиды.
«Роботтарды басқару жүйесіндегі микропроцессор» пәні бойынша Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде студенттерге сабақ беремін. Бірінші сабақтан бастап студенттерге роботтарды көрсетемін. Олар бірден: «роботты осылай жасайды екен ғой,»-деп қызығады. Негізі студенттер тәжірибені көрсе, өздері сабақты ары қарай алып кетеді. «Ағай, мынаны қайдан алдыңыз?» — дейді. Мен оларға кітаптардың, дереккөздердің тізімін беремін. Өздері оқып келеді. Студенттерді де роботтарды үйреткендей тәрбиелейміз. Әрине адамдарға қарағанда, роботтармен жұмыс істеген жеңіл (күледі).»
«Бір семестрде 40 студентім өз техникасын құрастырды»
Шәкірттерімнен бір семестрдің ішінде бір дүние жасап шығаруын талап етемін. Сабаққа келгенде, алдымен кез келген техниканың көшірмесін жасатамын. Өзім көмектесемін. Нәтижесінде семестрдің аяғында барлығы түпнұсқа, жеке туындыларын ойлап табады. Бір семестрде шамамен 60 бала оқыттым, соның ішінде 40 студент өз технологиясын жасап шықты.
«Үштікке оқитын студенттер үздік техникалар құрастырды»
- Бір шәкіртім бірнеше үйдің макетін жасап келді. Макеттегі үйлерді жарықдиодтармен жарықтандырған. Соны смартфоны арқылы қосып, өшірді. Осы технология арқылы смартфонмен кәдімгі үйлерде де жарықты қосып-сөндіруді басқаруға болады.
- Маған ұнаған жобалардың бірі — XXІІ ғасырдың шыршасы. Бұл жарықдионды екі лентадан ғана тұратын шырша. Оны токқа қосса, қозғалтқышпен айналып тұрады. Екі ленталы шырша тұтас жасыл шыршаның әсерін береді.
- Бір студент қыз жұмысындағы гүлінің ылғи суарылмай қалатындығын айтты. Содан мынадай жобаны жасап шықтық: топырақтың ішіне сенсорды салып қоямыз. Ол топырақтың ылғалдылығын анықтап отырады. Сенсор ақпаратты микроконтроллерға береді. Егер ылғалдылық 20, 30 пайыздан төмендеп кететін болса, микроконтроллерға жалғанған түтікше арқылы гүлге су құйылып отырады. Ылғалдылық 80 пайызға жеткен кезде, микроконтроллер автоматты түрде сөндіріледі. Осы жобамен шәкірттерім роботехника олимпиадасына қатысып, 3-орын алды. Бұл — болашағы бар жоба. Болашақта Алматы көшелеріндегі өсімдіктерді суарып отыратын лайн-фоллеуер роботтарды жасау жоспарымызда бар.
- Бір бала: «Көлігім бар, ағай. Маған жол берген адамдарға апат белгісін жақпай, көліктің жүксалғышынан «Рахмет» деген жазуды көрсеткім келеді,»- деп айтты. «Тамаша» деп қостадық. Жарықдиондармен ORP әйнекке «Рахмет» деп жаздық. «Енді қалай басқарамын?» — деп сұрады. Көрсеттім. Жасап шықты. Оны көлігінің артқы терезесіне қойды. Жол берген жүргізушілерге осылайша «рахметін» айтып жүріпті. Бір күні біреу келіп «сатасың ба?» деп сұраған. «Қанша теңгеге сатайық?» деп сұрады. «20 мың теңге деп көр» дедік. Сатылып кетті (күледі). Әлгі студент бір күні тағы жүгіріп келіпті: «Ағай, енді үш адам сатып алмақ». «Жаса онда, достарыңды жина,»-дедім. Сөйтіп олар бизнеске кірісіп кетті. ЖК (жеке кәсіпкерлік — авт. ред.) ашты. Қазір олар тек «рахмет» деп емес, дүкендердің атауын, «ашық», «жабық» деген хабарламаларды жарықдиондармен жасайды. Менің шәкірттерімнен күтетінім — осы. Олар мен қажет еткен қабілетті меңгеріп шықты.
- Бір шәкіртім үстелдің астына айна салып, саңылаумен бетіне тонировка жапты. Бұған да жарықдиондарды пайдаланды. Нәтижесінде шексіздік тәрізді әсер берді. Бұрын осындайдың кішкентай нұсқасын қызыма сыйлық ретінде жасағам, шәкіртім одан керемет қылып жасап шықты. Шәкіртім жасаған үстелдерге кафе, караоке-барлардан сұраныстар түсті. Қазір ол да ЖК ашып, бизнеспен айналысып кетті. Бір қызығы, мұндай балалар сабақтарын үштікке оқитындар еді. Біздің мақстамыз маман даярлау еді. Олар біз күткен нәтижеге қол жеткізді.
«Роботтар себебінен жұмыссыздық көбеюі мүмкін»
Адам жұмысын роботтар алмастыра берсе, жұмыссыздық көбеюі мүмкін. Шетелдерде осындай мәселе көтеріліп жатыр. Жапонияда бүкіл зат роботтандырылған, бірақ «жұмысшы керек» деп жар салып жататындар қаншама?! Жұмыссыздық көбейеді, егер барлығы бір орында тұратын болса. Мысалы, он жыл бұрын «SMM маман» деген түсінік те жоқ еді. Техника дамыған сайын, жаңа мамандықтар пайда болып отырады. Бұл — заңдылық.
Жұмыссыздық болашақта қара жұмыста көбеюі мүмкін. Мұндай жұмыстарды роботтандыру жеңілірек. Сол тәрізді пошта, клерк қызметтері керек емес болады. Оның орнына қызмет көрсету саласы жақсы дамып, жұмысшыларға сұраныс осы бағытта артуы мүмкін. Шығармашылық, ой жұмыстарында, интеллектуалды ортада, медицина саласынада қызметкерлерге сұраныс көбейеді. Қазақстан — әзірге дамушы ел, қызмет көрсету салалары енді дамып келеді.
«Алдағы 10-20 жылда Қазақстан қарқынды дамиды»
Көп жыл шетелде жүріп елге оралдым. Біздің елде тәртіпті ең көп бұзатындар — үлкендер. Ауруханаға барып қалсаңыз, үлкендер келіп кезексіз қабылдауға кіріп кетеді. «Өкіметтің затын аясың ба?», «Бастық болып тұрған кезіңде, басып-басып ал» детіндер бар арамызда. Өкінішке орай, бұның бәрі — құлдық сананың әсері. «Елу жылда ел жаңарады» дейді ғой. Біздің қазіргі жастардың талпынысы, құштарлығы өзгеше. Болашақта экономикамызды алға тартады деген ойдамын. Алдағы 10-20 жылда Қазақстан қарқынды дамиды деген сенімдемін. Өйткені бүгінгі жастар бәрін түсініп, не қажет екенін біліп келеді. Мемлекет оларға ақырындап мүмкіндіктерді де ашып жатыр. Дегенмен, көп нәрсе басшыға байланысты. Басшының миы қандай болса, жұмысшылары да солай әрекет етеді. Мөлшермен жасап, есеп өткізуге бейім болса, жұмыстың нәтижесі де «мөлшермен» болады.
Ал қазіргі жастар басқаша ойлайды. Олар бай болғысы келеді, Google, Facebook тәрізді корпорация, компаниялар құрғысы келеді. «Болашақ» бағдарламасымен оқығандардың көпшілігімен жақсы араласамыз. Олардың барлығы — шетелдегі топтарының ішінде көшбасшы. Қазақ балаларына жылына алты миллион теңге беріп, өздері оқытқан университеттер бар. Егер олар дарынды болмаса, қазақ баласын өздері оқытқан шетелдік университеттерге не пайда? Менің білетінім: бізде болашақ бар әрі ол жарқын.
Неліктен Токай университетін таңдадым?
Алғашында Англияда оқыған кезімде, сол жақта қалуыма мүмкіндік болды. Бірақ Англияда тек екінші сатылы зерттеулер жүргізілетін. Сонымен қатар, бұл елде шетелдіктерге дискриминация бар. Шетелдіктер зерханаға кіре алмайды. Уақытыңыздың барлығын тек кітапханада өткізесіз. Ал Жапонияда барлығы тәжірибеге негізделеді. Диплом жазғанымда тіпті стандарттар да болмады. «Үтір қалып қойыпты» деген ешкім жоқ. Оларға бастысы — нәтиже. Жапонияда жеке меншік және мемлекеттік университеттерде түрлі жүйе бар. Мемлекеттік университеттер KOZA жүйесіне жүгінеді. Бұл пирамида тәрізді. Жоғарыда бір адам болады. Қалғандары сол адамға қарайды. Зерттеулері де осы жүйемен жұмыс істейді. Ал жеке меншік университеттерде ондай жүйе жоқ. Әркім өз тақырыбын зерттей береді.
Ғылым сенің қызың, ғашығың сияқты. Сен оны жақсы көресің, оған уақыт, көңіл бөлесің. Ақшаңды жұмсайсың. Мен оқыған университетте ғылымға дәл осылай көңіл бөлуге мүмкіндік бар. Тағы ең бір жағымды тұсы университеттің жеке өндірісі, компаниясы, ауруханалары бар. Шындығында, бұл — өте керемет. Қажетті мамандарын өздері дайындайды. Бізде Қазақстанда ЖОО-мен өндірістің байланысы тіптен алшақ. Бірін-бірі танымайды. Өкініштісі, кім не үшін маман дайындап жатқаны белгісіз.
Роботехниканы Қазақстанда қалай дамыту қажет?
Роботехникада жұмыс істеймін десе, барлығы «керемет мамандық» деп, таңдай қағып жатады. Бірақ бұл сала біздің елде тым танымал емес. Олимпиадалар, жарыстар өтіп жатады. Бірақ ол туралы тек ұйымдастырушылар мен қатысушылардан артық адам біліп жатқан жоқ. Жапонияда күнделікті теледидардан, радио т.б. роботехника туралы ақпараттар өте жиі беріліп отырады. Бұл — таза маркетинг. Идеологиясы осы бағытта.
Робот құрастырушы үшін өзінің жасаған затына баласындай қарайды. Сен оны құрастырасың, оған код бергенде роботқа жан бергендей боласың. Ол балаң сияқты қозғалады, өзіңе ыстық болып тұрады. Түрі жаман болса да, жақсы көріп тұрасың. Шәкірттерімнен осы сезімді байқаймын.
Жапонияда қонақ үйлерде немесе ресепшндарда роботтар отырады. Олардың сенімен сөйлескені, қарым-қатынасы сондай қызық. Мұндайды жастайынан көріп өскен бала болашақта өзінің жеке туындысын жасап шығаруды армандайды. Бастысы, қызығады. Бұл қызушылықтың артында халықтың экономикасы мен әлеуетін көтеруге септігін тигізетін үлкен күш бар. Қаншалықты қызығушылық көп болады, елімізде робототехника соншалықты тез дамиды. Адам азайған сайын, даму да төмендейді.
Бәлкім, қазақтар роботты жапондар тәрізді жасай алмайды деп ойлайтын шығарсыздар. Қате. Одан артығын жасауға қауқарлы. Егер бір жапон мен бір қазақты алып салыстырар болсаңыз, қазақтың білімі артық болады. Неге? Өйткені біздің елде түрлі пәндерді қатар өтеді, сол себепті де қазақ балаларының ой-өрісі кең. Бірақ он жапон мен он қазақты салыстырар болсаңыз, жапондар артық болады. Тағы да «неге?» деген сұрақ туады. Жауап:өйткені көбіне қазақтар топтасып жұмыс істей алмайды. Ал жапондар бірін-бірі толықтыра біледі. Бірі білмесе, екіншісі дамытады. Жапонияда тимбилдинг өте жиі ұйымдастыралады. Бұл ортақ, қуатты идеяның дүниеге келуіне септігін тигізеді. «Бір бас жақсы, екі бас одан да артық» деген — осы. Бірақ біз — азиатпыз. Қазақтарды ұйымшылдыққа бейімдеу, қалыптастыру оңайырақ.
«Әкем берген білімді университет бере алмайды»
Талдықорған қаласындағы №5 мектеп-лицейінде оқып бітірдім. Қазіргі салама қажетті білімнің іргетасын әкем қалап берді. Ол ТатЭК компаниясында инженер-электрик болып қызмет ететін. «Білгенімді ұмытып қалмайын» деп, әкем маған көп нәрсені үйретті. Университетке электр энергетикасы жайлы біршама білім базасымен келдім. «Үйге ток тарту деген дүниені еркек білу керек», — деді. Білдік қой (күледі). Оқуға тапсыратын кезімде, әкем электр энергетика саласына бармай-ақ қой. Ол туралы қажеттіні білесің. Болашағы бар электроника саласына бар деді. Мұның ішінде роботехника саласы бар екен.
10-сыныпта оқып жүрген кезімде, Роберт Даунның «Темір адам» фильмін көрдім. Сол кезде, ең алғаш рет робот құрастыруға аңсарым ауды. Өзімнің лабораториямының болғанын қаладым. Кішкентай кезімнен төлтуындымды жасағым келетін. Осы фильмді көргеннен кейін, роботқа ғашық болдым.
Жапония қалай жылдам дамып кетті?
Жапондар үлкендерді қатты сыйлайды. Бізде де дәл солай. Бірақ біздің мынадай артықшылығымыз бар, автобуста, басқа жерлерде қазақтар үлкендерге орын береді. Ал ол жақта үлкенге орын берсеңіз, «сен қартайдың» деп кемсіткендей қабылдайды. Жапонияда үлкенге орын беремін деп, екі рет басым дауға қалған (күледі). Қазақтар қыздарды жақсы сыйлайды, қыздарға қызметтегі мансабын қалыптастыруға еркіндік береді. Ал Жапонияда әйел адамның басты міндеті -күйеуінің жетістікке жетуіне қолынан келгенше көмектесу. Болды. Олар үй ішіне бас-көз болып, ерінің жағдайын жасауы керек. Зейнет жасына келген кезде, күйеуінің зейнетақы қоры екеуіне теңдей бөлініп беріледі. Осы тұрғысынан қарасақ, әділетті үкім.
Мұғалім — Жапонияда Құдайдан кейінгі екінші орынға ие тұлға. Жасы кіші, үлкеніне дейін сіздің мұғалім екеніңізді білсе, орнын беріп құрметтейді. Маған бір шәкіртім сабақ кезінде: «Ағай, білімдісіз. Мына жақта мұғалім болып жүре бермексіз бе?!» деп сұрап қалды. Сол кезде біздің елде бұл мамандықтың осыншалықты төмендеп кеткеніне қайран қалдым. Мен білетін дамыған мемлекеттерде мұғалім, дәрігер болу тым қиын. Сәйкесінше оларға төленетін еңбекақы өте жоғары.
«Жапондар неге қатты дамып кетті?» дегенге күле отырып, былай жауап берер едім: «Жапонияның жері тарлау, аралда тұрады. Ешқайда көшіп кете алмайды. Ал Қазақстанның жері кең. Бір-бірімен ренжіссе, екінші бір түпке кетіп қала алады (күледі). Халықтарынан осындай бір қорқынышты байқауға болады.
Сананы шыдамдылыққа қалай үйретуге болады?
Ғылымда жетіскке жету үшін сананың шыдамдылығы мен төзімділігі қажет. Жапондықтар осы төзімділікті арттыру үшін велосипед тебеді. Сізді елсіз, алыс жерге апарып тастайды. Қолыңызға велосипед береді. Үйге қайтуыңыз үшін, велосипед тепкеннен басқа амал жоқ. Миыңыз әуелден «алысқа кетіп қалдық қой» деп дабыл қағады, ал денеңіз «қой, кішкене шыда, шыда» деп үйіңізге алып келеді. Адам миының, санасының төзміділігі осылай қалыптасады.
Роберт Кийосаки: «Отбасылық бизнес әрдайым табысқа жетеді»,- дейді. Бұл сөздің жаны бар. Мысалы, менің балама робототехниканы менен артық кім үйрете алады? Сіздің әкеңіз қолөнер шебері болса, қолөнершілікке сізді одан артық ешкім баули алмайды. Сол тәрізді ешқандай унивеситет ата-ана тәрізді ақпаратты сіңімді жеткізе алмайды. Дәл менің жағдайымдағыдай, ешқандай профессор маған электротехниканы әкемнен артық үйретпеді.
Үйде әкем біздің денеміздің төзімділігіне, шымырлығына көп мән берді. Оқушы кезімде каратэға қатыстырды. Кішкентай кезімізден ыстық моншаға түсіретін. Қазір түсінгенім, баланы жастайынан ыстық пен суыққа шынықтыратын болса, санасы да шынығады екен. Жапонияда да баланы ыстық бұлаққа салады. Мұның барлығы — мидың төзімділігін арттыру үшін жасалатын әрекеттер. Ерте жасынан осылайша адамда мінез қалыптасады. Бұл жерде «мінез» деп ашуды, ызаны түсінбеу керек. Мінез — адамның бір істі соңына дейін апаруға, өзіне қажет дүниеге қол жеткізе білуге көмектесетін негізгі қасиеті. Өз басым, осындай мінезді адамдарды мойындаймын. Әкем мен анам біздің бақытты болуымыз үшін көп еңбек етті. Үйде көңілсіз жүргенімізді қаламайтын. Көңілсіз жүрдің, таяқ жейсің (күледі). Көңілсіздік пен қорқыныш инфекция тәрізді. Қазір де шәкірттерімнен осыны талап етемін. Егер сабақта көңілсіз яки жылап отырған қызды көрсем, «сен одан да тамақ ішіп кел» деп, сабақтан шығарып жіберемін.
Жаңалықтың алдында болып, тың дүниелерді өзім жасағым келеді. Ғылым адамды әрдайым оқытады. Әлі күнге білмейтін дүнием өте көп. Өзіммен бірге әрдайым кітап алып жүремін. Дамығанды жақсы көремін. Жаңа мақала шықты ма, оқып тастаймын. Жаңа ақпаратты оқу маған қуаныш алып келеді.
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дана Маратова.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
бізге осы роботтар қашан келеди екен
мааа не дейді роботтар адам боп бара жатыр ма