Басты бет"АрХО-2017" халықаралық...

«АрХО-2017» халықаралық ойындарына қатысқан әскери қызметкерлер елге оралды

Астана әуежайында Армия халықаралық ойындарының Ресейдегі жеңімпаздарын қарсы алу рәсімі болды. Олар «Танк биатлоны», «Тәртіп сақшылары», «Адал дос» сайыстары бойынша үздік нәтижелер көрсетіп, алаң иелерінен кейінгі екінші орынды алып келді.

Қызыл кілем
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Байрақты бәсекеде бақ сынағандарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басшылығы, әскери қызметкерлер мен олардың туған-туысқандары қарсы алды. Сондай-ақ, отандық Қарулы Күштеріміздің Құрлықтағы әскерінің бас қолбасшысы Мұрат Бектанов қатысты. Ол еліміздің әскерінің абыройын асқақтатқан әскерилермен мақтанатынын айтты.

Әскер
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Біздің командамыздың рухы берік. Олар отыз сегіз градустық ыстық пен ылғалға қарамастан, 10 шақырымдық қашықтықты асқан шыдамдылықпен еңсерді. Бір сағат үш минутта мәре сызығын кесіп өтіп, алдарына тек қытайлық әскерилерді ғана жіберіп алды»,-деді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабының орынбасары Әділбек Алдабергенов. Ол Қытай Халық Республикасында өткен сайыстарға елімізден барған команданы басқарған болатын.

Дәл осындай кездесулер еліміздің екі қаласында да өтті. Аймақтық басқарманың жеке құрамы мен әскери бөлімдері өздерінің әскери қызметкерлерін де салтанатты түрде қарсы алды.

Әскери полиция
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері «АрХО-2017» Армия халықаралық ойындарында жалпыкомандалық есепте үшінші орынға қол жеткізді. Олардың қоржынында барлығы 3 алтын, 7 күміс, 5 қола жүлде бар.

Дала, әуе, теңіз сайыстарының қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясының Қарулы Күштері үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Қытай Халық Республикасының әскерилеріне бұйырды.

АрХО-2017
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Халықаралық дүбірлі додада 350 әскери қызметкерлер еліміздің абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосты. Олар ұйымдастырушылардың бағасы бойынша үздік командалардың бірі болып танылды. Отандастарымыз “Танк биатлоны” сайысының финалында 1 сағат 45 минут 41 секунд уақытта мәре сызығын кесіп өтіп, Т-72 танкін басқарудағы шеберлігі мен кәсіби шеберлігінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, екінші орын алды. Сондай-ақ, 97616 әскери бөлімінің аға сержанты Орынбек Сандыбековтың жеңісін де атап өтпеске болмайды. Ол “Достастық жауынгері” конкурсының екі дүркін чемпионы атанды. «Достастық жауынгері» халықаралық армия жарыстары 27 шілде мен 6 тамыз аралығында Белоруссия жерінде өткізілді. Оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери құрылымдары қатысады.Отандастырымыз жарыстарға қатысып қана қоймай, халықаралық ойынның ұйымдастыру қызметтеріне де ат салысты. Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының 1-9 аралығында “Отар” әскери базасында Армия халықаралық ойындарының “Мерген шебі”, “Артиллерия оттарының шеберлері”, “Ұшқышсыз ұшу аппараты” сайыстары өтті.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Армия Халықаралық ойындары — ТМД мен алыс шетелдің танкішілері, ұшқыштары, артиллерияшылары мен саперлері бақ сынасатын халықаралық сайыс. Әскери қызметкерлер 30-ға жуық кедергілерден өтіп, бақ сынайды. Атап айтар болсақ, «Танк биатлоны», «Суворов тегеуріні», «Мерген шебі», «Әскери барлаудың үздіктері», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Авиадартс», «Аспан кілті», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты», «Тереңдік», «Десанттық взвод», «Эльбрус шығыршығы», «Ашық су», «Қауіпсіз бағдар», «Инженерлік формула», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Далалық ас үй», «Әскери-медициналық эстафета», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Әскери ралли», «Достастық жауынгері», «Қару шебері», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстары» және тағы да басқа сынақтар бар.