ЭКСПО-2017: Ертең Хайнань провинциясының көрмесі ашылады

Астана қаласында Хайнань басшылығы өкілдері ертеңгі көрме жөнінде арнайы баспасөз жиынын өткізді. Конференцияға Хайнань провинциясының ауыл шаруашылығы басқармасы, сыртқы сауда-саттық, сондай-ақ туризм басқармасы басшылары және қытайлық, қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында көрменің таныстырылымы және  туризмнің дамуы, ауыл шаруашылығы, экономика саласындағы шет елдік инвестиция тақырыптарында сөз қозғалды.

Хайнань провинциясының халықаралық сауда-саттықты дамыту комитеті өкілі Ли Жиже көрме туралы айтып өтті.

«Көрме Хайнанның экономикалық, сауда-саттық дамуы мен мәдени мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осындай келелі басқосулар арқылы Қазақстан мен Қытайдың ынтамақтастығы артып, қарым-қатынасы нығая түседі деп ойлаймын. Ертең баршаңызды көрмені тамашалауға шақырамын», — деді ол.

Көрменің ашылу салтанаты барысында Хайнань мен Қазақстанның кәсіпорындары арасында келіссөздерге қол қойылады.

Шара барысында Қытай павильоны алдында хайнандық өнерпаздардың қатысуымен арнайы концерт ұйымдастырылады. Ал, павильон ішінде азық-түлік тауарлары қойылып, естелік сыйлықтар таратылады.

Айта кетейік, келген қонақтар Хайнанның мәдени мұраларын тамашалап, қытай медицинасының озық үлгілерімен таныса алады.