«Ташкентте жеңетініме сенімді болдым»
11-13 тамыз аралығында Ташкентте Азия елдерінің арасындағы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы (WTF) Президентінің кубогы өтті. Дайындығымыз өте жоғары деңгейде болды. Жоғары нәтиже көрсететінімізге сенімді болдық және сол сеніміміз ақталды. Жалпыкомандалық есепте 115 ұпаймен, бес алтын, он жеті күміс, жиырма тоғыз қола жүлдемен екінші орын алдық. Өзбек спортшылары алдымызға түсіп кетті (жымиды).
Өзім бұл жарыс жолына 45 килограмм салмақта шықтым. 8/1 іріктеу кезеңінде өзбек спортшысымен шығып, 20:4 есебімен ұттым. Ширек финалда да өзбек спортшысын 57:7 есебімен жеңдім. Жартылай финалда да өзбекпен кездестім (жымиды). Ол менен 8:2 есебімен жеңілді. Қарсыласым әлем чемпионатынан 3-орын алған бала болатын. Ал финалда өзіміздің отандасымыз Самандархон Туламетовпен шығып, оны 17:6 есебімен ұттым. Самандархон екеуіміз бір-бірімізді бұрыннан білетінбіз. Солайша, жеңіс маған бұйырды. Бұл маңдай тердің ақталғаны, жаттығу кезіндегі қиындықтың бәрі еңсерілгені деп білемін (жымиды).
Спортқа қалай келдім?
Кішкентай кезімде тепкенді, шпагатқа отырғанды жақсы көретінмін. Солар туралы интернеттен қарап, таеквондоның видеоларын тауып алдым. Даянға шыққан спортшылардың бір-біріне қолданатын әдіс-тәсілдері маған қатты ұнады. Көрген амалдарымды үйде қайталап жүрдім. Кейін мектебімізден таеквондо үйірмесі ашылды. Бірден соған жазылдым. Алайда, ата-анам бұл шешіміме қарсы болды. Олар менің күрес үйірмесіне жазылғанымды қатты қалады. Мен өз айтқанымнан қайтпадым. Ақыры ата-анам көніп, әкем таеквондо үйірмесіне ертіп апарды. Ол кезде бар болғаны жеті жаста едім. Үйірмеде Есбол Сұлтанов ағай жаттықтырушы екен. Танысқан соң, маған бірінші қатысып көруімді, егер ұнап кетсе, жалғастыратынымды айтты. Бірден ұнаттым, әлі күнге дейін ұнап келеді (жымиды). Осылайша спортқа деген қызығушылығым басталды.
Ең алғашқы жеңіс
Адамда қызығушылық болса, нәтиже де болады екен. Үйірмеге қатыса бастағаныма екі ай болғанда таеквондодан қалалық турнир болатынын естідім. Жаттықтырушыларым бағымды сынап көруге ұсыныс білдірді. Үміттерін ақтап, екінші орын алдым. Бұл — менің ең алғашқы жетістігім еді. Ата-анам сол кезде күреске емес, таеквондоға барғанымның дұрыс шешім болғанын мойындады.
Жеңісті жылдар
Сегіз жасымда таеквондодан Қазақстан чемпионы атандым. Кейін көптеген турнирлерде үздіктердің қатарында болып, алғашқы үш орыннан көрініп жүрдім. Жеңілген кездерім де жоқ емес. Жетінші сыныпта «Шаңырақ» спорт мектебіне ауыстым. Сондағы дайындығым маған Қазақстан чемпионы атанып, Азия чемпионатына жолдама алуға көмектесті. Аталған чемпионаттан үшінші орын алдым.
Сол кезде қатты қуандым. Бұл нәтиже маған оңай келген жоқ. Бірінші кездесуде тайпей елінен келген спортшымен шықтым. Ол даян иесі еді. 8/1 финалда жеңіске жеттім. Одан кейін ширек финалда Сауд Арабиясының спортшысымен шықтым. Оны 23:8 есебімен жеңіп, жартылай финалда кореялық спортшымен кездестім, бірақ жеңіліп қалдым (жымиды). Сол жарыстағы басты кемшілігім тәжірибемнің аз болуында деп ойлаймын. Қанша дегенмен халықаралық бәсекеге бірінші рет қатысқан кезім еді.
Мен қазір 45 килограмм салмақта шығып жүрмін. Бұл салмақта бәсекелестерім баршылық. Қазақстан бойынша Тұрсынбай Бүркіт деген спортшы екеуіміз бір салмақтамыз. Екеуіміз бір жерде жаттығамыз, жаттықтырушыларымыз да бір (жымиды). Бірақ әркімнің жаттығу тәсілі әртүрлі. Мысалы, мен өзім ағаймен жеке жаттығамын, интернеттен түрлі әдіс-тәсілдерді қараймын, үздік таеквондошылардың кездесулерін қалт жібермей қарап отырамын. Осы жердегі жаттықырушыларым: Есбол Сұлтанов, Болат пен Бақытжан Райбеков, Ерасыл Жаңабаев, Мырзағали Сұранов ағаларыма, Асабаева Айнұр апайыма алғысым шексіз. Олар — өте жақсы адамдар. Бәрімізді бір-бірімізден бөліп-жармай, теңдей көреді. Өздерінің отбасы, балалары болса да, бізге көңіл аударып, күн-түн демей жанымызда жүреді.
Менің басқа спортшылардан артықшылығымды айтайын ба? (күлді). Себебі, мен өзіме сенемін, психологиялық тұрғыда басқалардан мықтымын деп ойлаймын.
Ал шетелдерден басты бәскелестерім ретінде Иран мен Корей елдерінің спортшыларын айта аламын. Оларда таеквондо спорты өте жоғары деңгейде дамыған.
Маған аяқпен жасалатын «Ти Чаги» деген тәсіл қатты ұнайды. Ол — бір сөзбен айтқанда, айналып тебетін әдіс.
«Салмақ қуудан, салмақ қосқан қиын»
Салмақ қуатын, қосатын жағдайлар жиі болып тұрады. Мысалы, Азия чемпионатына барар кезде 35 килограммнан 33 килограммға дейін салмақ қудым. Әлем чемпионатына да сөйттім, бірақ ол кезде ұтылып қалдым (жымиды).
Спортшы үшін салмақ қуғанға қарағанда, салмақ қосқан қиын (жымиды). Салмақ тастау керек болса, тамақ ішпей, тек жаттығу жасап жүре беруге болады. Ал, салмақ қосқанда жиі-жиі тамақ ішу керек. Тамаққа тойып алып, жаттығу жасаған ыңғайсыз.
Жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы айырмашылық
Қазіргі кезде жасөспірім спортшылар қатарындамын. Бұрын кадеттер арасында жүргенде кездесулер жеңілірек болатын. Себебі кадеттер арасында мықты деуге келетін спортшылар аз. Ал «юниорлар» арасында бәсекеге қабілетті болу үшін физикалық, техникалық — қысқасы, барлық жағынан үздік болуың керек. Жас өскен сайын сүйектер де қатаятын болғандықтан қиынға соғады.
Бір күн
Күнде таңертең сағат 6.30-да тұрамыз. 7.00-де жаттығу басталады. Таңғы асты 9.00-де ішеміз. 10.30-да сабақ басталады. Ол 16.30-да бітеді. Түскі асты сабақтың ортасында ішеміз. Ал, 16.45-те кешкі жаттығу басталады. 19.00-де кешкі ас. Сосын үй тапсырмасын орындаймыз, балалармен ойнаймыз, әңгімелесеміз. Сағат 22.00-де ұйықтауға жатамыз. Аптаның алты күні осындай режимде өтеді. Жексенбі күні үйге қайтамыз, демаламыз.
«Спортшыға қолдау маңызды»
Балаға әрдайым қолдау керек. Мейлі, ол жеңіліп қалса да, ата-анасының оған сенетінін және әрдайым қолдайтынын сезінуге тиіс. Сонда ғана алдағы жеңістеріне сенеді, сағы сынбайды. Менің де жеңілген сәттерім болды. Ондай кездерде жаттықтырушыларым, достарым да «Сенің жеңісің әлі алда»,-деп демеу көрсетеді. Үйдегі ата-анам да: «Әлі кішкентайсың, сенің жарқын жеңістерің алда. Мойыма»,-деп айтып отырады. Сол кезде көңіл-күйім көтеріліп қалады.
«Қиындықтың қайтарымы – жеңіс»
Қиындық барлық салада да бар ғой. Әрқайсыныкі әртүрлі, бірақ жеңу жолы біреу. Ол — берілмеу. Біздің салада жаттығу кезінде небір қиындықтар болып тұрады. Сол арқылы жетістікке жететініңді білгенде, елегің келмей қалады. Қиындықтың қайтарымы — жеңіс.
Жарақат алған кездерім де болды. Биылғы жылы Өскемен қаласында өткен Қазақстан чемпионатында тіземді ауыртып алдым. Сол жарақат өте қатты тиді, жазылуы да ауыр болды. Сондай кездерде анам мен марқұм әжем спортты таңдағаныма қарсы болған. Бірақ айтып-айтып қойды (жымиды). Әкем әрдайым қолдайды. Спортты тастап кетпеуім, қатты қиналмауым үшін барлық жағдайымды жасайды, дәрігерлерге апарып тұрады.
Жаттығудан бос кезімде кітап оқығанды жақсы көремін. Интернеттен домбыра үйренемін. Қазір екі күй білемін (жымиды). Бұл — менің жай қызығушылығым.
Жоспарларым
Қазір 10-сыныпқа көштім. Мектеп бітірген соң, Қазақ Спорт және Туризм академиясына оқуға тапсыруды жоспарлап жүрмін. Болашақта жаттықтырушы болғым келеді.
Өзім туралы
2002 жылы Жамбыл облысы Бауыржан Момышұлы ауылында қарапайым отбасында дүние келгенмін. Мен екі жаста болғанда отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Әкем базарда, анам санитарлы- эпидемиялық станцияда лабораторияда жұмыс істейді. Әпкем биыл мектеп бітірді. Кішкентай қарындасым бар. Ол 5-сыныпты аяқтады.
Спортшылардан Илья Ильинді өзіме үлгі тұтамын. Ол өте патриот, елін, жерін өте қатты сүйеді, намысшыл. Сол сияқты бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Сол сияқты адамгершілігі мол, үлгілі азамат болуды қай спортшы армандамайды дейсіз? Бастысы, еліміздің атағын барша әлемге танытсам деймін. Олимпиада чемпионы болу үшін адамға ынта мен сенім, жақындарының қолдауы крек.
Ал, біздің спортта, әрине, Мұстафа Өзтүрікті үлгі етемін. Ол жеті дан, қара белбеу иегері, алты дүркін әлем чемпионы атанды. 1991 жылы Қазақстанға таквондоны алып келген де сол кісі.
Өзіміздің Ерасыл Қайырбек, Ержан Абылқас, Қайрат Сарымсақов ағаларым да — үлгі етуге тұратын азаматтар.
«Таеквондоның бергені көп»
Таеквондоның маған бергені көп. Ең үлкені – жан досым. Есімі — Дулат Сихымов. Екеуіміз екі жасымыздан бері доспыз. Қазір де бір сыныпта оқимыз, турнирлерге бірге шығамыз. Бірақ ол басқа салмақта. Күндердің күнінде екеуіміз бір салмақта даянға шығатын болсақ, кім мықты — сол жеңеді. Оған бола ренжісіп, достығымызды үзбейміз. Дулат даянға шыққанда мен айқайлап, жанкүйер болып отырамын. Мен шыққанда, ол маған қолдау көрсетеді.
Сұхбаттасқан және фото авторы Әсел Сарқыт
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.