ҚР Қарулы Күштері Армия халықаралық ойындарынан үшінші орын алды

Мәскеу қаласының маңындағы «Алабино» ауылында өтіп жатқан «АрХО-2017» Армия халықаралық ойындары аяқталды. 28 елден 150 әскери команда қатысқан байрақты бәсекеде отандастарымыз үшінші орын алды. Олардың қоржынында барлығы 3 алтын, 7 күміс, 5 қола жүлде бар.

АрХО-2017
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Дала, әуе, теңіз сайыстарының қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясының Қарулы Күштері үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Қытай Халық Республикасының әскерилеріне бұйырды.

Халықаралық дүбірлі додада 350 әскери қызметкерлер еліміздің абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосты. Олар ұйымдастырушылардың бағасы бойынша үздік командалардың бірі болып танылды. Ойын төрешілері алқасының мүшелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейлерін, кәсіпқойлықтары мен жауынгерлік дағдыларын атап өтті.

Танк биатлоны
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Отандастарымыз «Танк биатлоны» сайысының финалында 1 сағат 45 минут 41 секунд уақытта мәре сызығын кесіп өтіп, Т-72 танкін басқарудағы шеберлігі мен кәсіби шеберлігінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, екінші орын алды.

Танк биатлоны
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, 97616 әскери бөлімінің аға сержанты Орынбек Сандыбековтың жеңісін де атап өтпеске болмайды. Ол «Достастық жауынгері» конкурсының екі дүркін чемпионы атанды. «Достастық жауынгері» халықаралық армия жарыстары 27 шілде мен 6 тамыз аралығында Белоруссия жерінде өткізілді. Оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери құрылымдары қатысады.

Орынбек Сандыбеков
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Отандастырымыз жарыстарға қатысып қана қоймай, халықаралық ойынның ұйымдастыру қызметтеріне де ат салысты.

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының 1-9 аралығында «Отар» әскери базасында Армия халықаралық ойындарының «Мерген шебі», «Артиллерия оттарының шеберлері», «Ұшқышсыз ұшу аппараты» сайыстары өтті.

Сәкен Жасұзақов "АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

«Отар» 40-шы әскери базасының қазақстандық полигонында байқауларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен логистика, атап айтқанда, артиллерияшыларға кедергілері бар қашықтығы 2 шақырымды құрайтын тас жолдар, мергендік винтовкадан, тапаншадан оқ ату, мергендердің гранаталарды лақтыруы үшін барлаушының соқпақ жолы мен шептерінің элементтері бар бағдар дайындалып, оңтайландырылды. Ал «Мәтібұлақ» полигонының аумағы «ҰҰА есептоптарының сайысы» байқауын өткізу үшін арнайы жабдықталды.

Мерген
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Мерген шебі» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды, Ресей және Қытай екінші орынды және Беларусь командасы үшінші орынды иеленді. Кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз байқаудың үздік мергені атанса, кіші сержант Мақсат Шыналиев пен қазақстандық аға сержант Ерғанат Құдабеков үздік мерген жұбы атанды.

«Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бірінші орынды еншілесе, Беларусь Республикасы екінші орынды және Ресей Федерациясы үшінші орынды жеңіп алды. Ресейлік сержант Рустам Чиктаев үздік механик-жүргізуші атанса, Белоруссиядан келген ефрейтор Иван Швая үздік көздеуші, Әзірбайжаннан келген кіші сержант Эльшат Оруджов үздік есептоп командирі атанды. Қазақстандық сержант Мейірхан Әбілдаевтің жетекшілігімен минаатқыш есептобы үздік есептоп болып белгіленді.

«Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан бірінші, Ресей екінші және Иран үшінші орынға жайғасты. Ирандық майор Джафариан Хамид ҰҰА үздік технигі, ал Ресейдің аға лейтенанты Владимир Заинчковский ҰҰА үздік операторы атанды.

Әскери жанкүйерлері
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта Армия халықаралық ойындары халықаралық әскери қоғамдастықта жоғары мәртебеге ие болып отыр. Ол – ТМД мен алыс шетелдің танкішілері, ұшқыштары, артиллерияшылары мен саперлері бақ сынасатын халықаралық сайыс. Әскери қызметкерлер 30-ға жуық кедергілерден өтіп, бақ сынайды. Атап айтар болсақ, «Танк биатлоны», «Суворов тегеуріні», «Мерген шебі», «Әскери барлаудың үздіктері», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Авиадартс», «Аспан кілті», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты», «Тереңдік», «Десанттық взвод», «Эльбрус шығыршығы», «Ашық су», «Қауіпсіз бағдар», «Инженерлік формула», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Далалық ас үй», «Әскери-медициналық эстафета», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Әскери ралли», «Достастық жауынгері», «Қару шебері», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстары» және тағы да басқа сынақтар бар.