Басты бетЖаңалықтарЕтікшілер туралы...

Етікшілер туралы не білеміз?

«Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, жүрегің жылиды. Осы орайда таң шапағымен таласа тұрып, біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшілердің еңбегі нағыз еңбек.

Етікші мамандығы – көне кәсіптің бірі, оның тамыры жоғарғы палеолит дәуірінен бастау алады. Қолөнер тарихшылары осылай дейді. Қазір етікшілердің қызметіне көп жүгінбесек те, өткен ғасырлар да бұл мамандыққа деген сұраныс өте жоғары болған.

Тарихқа шолу жасасақ,  Еуропада Сальваторе Феррагамо, Паскуале Фабрицио сынды етікшілердің есімі тарихқа алтын әріппен жазылған. Себебі, Сальваторе Феррагамо қарапайым етікшіден бастап, аяқ-киім тігетін зауыттың бастығына айналған. Бүгінде Италияда Феррагамоның мұражайы бар. Ал Паскуале Фабрицио болса, Мадонна, Риана, Анджелина Джоли сынды америкалық әйгілілердің аяқ-киімін тігіп, байлығын еселеп отыр. Тіпті, кәрі құрлықта «жұлдыздар қаншалықты танымал болса, олардың етікшілері де танымал болып, жұлдызға айналады» деген ұғым қалыптасқан.

 26 қараша халықаралық етікшілер күні

Етікшілер демекші, тарихта аяқ-киім киюдің де өзіндік ерекшеліктері болған екен. Мысалы, ежелгі римдіктер үшін етікшілер ақсүйектер мен философтар үшін арнайы аяқ киімдер тіккен. Оларды қарапайым халықтың киюіне тыйым салған. Ал Англияда етікшілер арнайы өлшем бойынша аяқ-киім тіккен. Мәселен, жоғарғы тап өкілдеріне арналған аяқ-киім өлшемі яғни, ақсүйектер ұзындығы 24 дюйм болатын етік кисе, орташа тап өкілдері (саудагерлер, ауқатты адамдар) 12 дюймдік, ал қарапайым халық 6 дюймдік аяқ-киімдер киген.

Бұл етікшілер туралы тарихтың шерткен сыры. Ал бүгінгі күні елімізде етікшілер еттікке емес, жылы орынға жарымай отыр. Шілденің ыстығында күнге қақталса, суықта денесі аязға қариды. Бірақ қолдан келер кәсіп болған соң қиындыққа шыдап бағуда. Себебі, қазіргі екі қолға бір күрек таба алмай отырған уақытта, олар күнделікті нәпақасын біз бен тебеннің арқасында айырып отыр.