«Солтүстік Кореяның тарапынан шабуыл жасалуы мүмкін» дегенді естіген Жапония тұрғындары наурыз айынан бастап Oribe Seiki Seisakusho компаниясының жер асты бункерлерін көптеп сатып ала бастады, деп жазады Life.ru.
Аталған компания табиғи апаттарда қолданылатын заттарды өндірумен отыз жылдан бері айналысып келеді. Бұндай сұранысты олар бірінші рет көріп отыр. Тіпті барлық бункерлерді ауа тазартқыш сүзгілермен қамтамасыз етіп үлгере алмай жатыр.
Бұл туралы сәуір айында Oribe Seiki Seisakusho өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында: «Бункерді орналастыру үшін көп ақша, біраз уақыт керек. Алайда, қазіргі сатып алушыларымыз бірден орнатып беруімізді талап етіп жатыр»,-деген еді.
Айта кетейік, Солтүстік Кореяның «Орталық ақпарат» агенттігі 8 шілде таратқан хабарында, Солтүстік Корея Қарулы күштері АҚШ-қа қарасты Гуам аралы маңын баллистикалық зымыранмен атқылауға дайындалып жатыр деп мәлімдеді. «Зымырандар Жапонияның үш префектурасынан ұшып өтеді» деген болжам бар.