Басты бетЭКСПО көрмесінің...

ЭКСПО көрмесінің екі айлық қорытындысы шықты

Астана әкімдігі ЭКСПО көрмесін өткізу барысында барлығы 647 мәдени шаралар ұйымдастыруды жоспарлаған. Жоспардың уақытылы орындалуы мен көрменің жоғары дәрежеде өтуіне әкімшілік жанынан құрылған ЭКСПО-ға дайындық штабының сіңірген еңбегі зор. Барлық іс-шаралар бекітілген мерзімде ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылған.

ЭКСПО-ға дайындық штабының жұмысы негізгі бес бағыт бойынша жүргізілді. Олар: құрылыс нысандарын уақытында аяқтап, пайдалануға беру, көлік және инженерлік инфрақұрылым, шетелден келген қонақтарды қарсы алу, қаланы мерекелік безендіру, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыру; қоғамдық көліктің қозғалыс бағытының сызбасын даярлау; қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету; елге келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қаланың барлық қызметкерлері қызу жұмыс істеп жатыр. Көлік-қозғалысы, қауіпсіздік, медицина, туристік қызмет — бәрі жоғары деңгейде.

Туризм

астана әуежай

Көрме өз жұмысын бастағалы бері Астанаға 2,1 миллион адам келген. Оның 1,4 миллионы — шетелден келген туристер. Темір жол бекеттерінің қызметіне сұраныс — 60 пайызға, әуежай қызметіне —  70 пайызға, туристік операторлардың жұмысына сұраныс 78 пайызға артты. Қала қонақтары үшін ақпарат беретін алты дүңгіршек іске қосылып, үш тілде қызмет көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, туристер үшін Welcometoastana интернет-порталы ашылды. Екі айдың ішінде оның тұрақты қолданушыларының саны 20 мыңды құраса, барлығы 75 мың адам кіріп көрген екен.

Астана қаласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қала әкімшілігінің жанынан ситуациялық орталық ашылды. Көшелерге бейнебақылау камераларын орнату арқылы қылмыс деңгейін төмендетуге жол ашылды.

Азық-түлікпен қамтамыз ету

Азық түлік

Алдын ала болжам бойынша, көрмеге келетін қонақтардың есебінен азық-түлікке деген сұраныс 20-30 пайызға артып, қалаға күн сайын 1500 тонна азық-түлік әкеліне бастады. Жаңадан базарлар желісі құрылды. Баға тұрақтылығын бақылауда ұстау үшін «Кенмарт», «Астықжан» сауда үйлеріне 300 миллион теңге көлемінде қарыз берілді. Қазір аталған сауда үйлері 49 азық-түлікке өз бағаларын қойды. Ол жыл соңына дейін сақталады. Бұл шаралар азық-түлікке деген сұраныстың 30 пайыздан 80 пайызға өсуіне қарамастан, бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Көлік қозғалысы

Автобус жолағы

ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты ұзындығы 23,4 шақырым болатын 11 көше салынып, 17,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрме аймағын жылумен және электр жүйесімен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырымдық жылу жүйелері, 25 585 шақырым электр желісі, үш электрмен қамтамасыз ету жүйесі салынып, «Жаңа жол» қосалқы электр станциясы салынды. Канализация құбырлары салынып, су тасқынына қарсы шаралар атқарылды.

Одан бөлек, қала қонақтарының саны артуына байланысты жаңадан жеті Shuttle Bus автобустары қосылды. Ол ЭКСПО көрмесі мен қала сыртындағы ауылдардың арасында қатынап, жолаушыларды тасымалдап жүр. Қаланың 142 қоғамдық көлігі күн сайын 55 мың жолаушыны тасымалдайды. Қала тұрғындары осы қоғамдық көліктер мен олардың қозғалыс бағытын көрме аяқталған соң да, қала тұрғындары үшін қызмет көрсетуін жалғастыра берін сұрап, Диспетчерлік орталыққа өтініштерін білдіріп жатыр.

Кептелісті азайту үшін  негізгі 12 көшеде жалпы ұзындығы 37,55 шақырым болатын автобус жолақтары салынды.

Қауіпсіздік

Ағымдағы жылдың өткен жеті айының ішінде тіркелген қылмыстың саны 19,3 пайызға кеміді. Қолға алынған шараларға байланысты ашылған қылмыстың саны артты.

Көңіл көтеру

Әнші
Сурет ©Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО көрмесінің аясында әр түрлі жанрлардағы 647 мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. 10 маусымнан бастап, жоспарланған шаралардың 51-і көрермен назарына ұсынылды.

Бизнес

кәсіпкер әйел

2017 жылдың маусым және шілде айларында мейрамхана, қонақ үй, қоғамдық тамақтану орталықтарынан түскен салық көлемі 462 миллион теңгеге жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 105 миллион теңгеге, яғни 1,2 есеге артық. Сонымен бірге бизнестің даму көрсеткіштері де артты. Жыл басынан бері 143 084 кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Ол өткен жылғы нәтижеден 10,4 пайызға көп.

Шағын және орта кәсіпкерліктердің саны 96 242-ге жетті.

Медицина

Жедел жәрдем

Сапалы медициналық қызмет көрсететін жедел штаб құрылды. Көрме аймағында жеті медициналық бөлім мен медициналық орталық жұмыс істеп тұр. Қала бойынша жеті қалалық медициналық мекеме мен жеті республикалық клиника қызмет көрсетуде. Жедел жәрдем қызметінің жаңа Орталық станциясы ашылды.

Жас туристер

Нұр Отан ЭКСПО-2017

10 маусым мен 2 тамыз аралығында көрмеге Астанадан 12 095  оқушылар ата-аналарымен бірге, Алматы және өзге де облыстардан 45 859 оқушылар келген. Оларды қарсы алу, тұратын жеріне апару, көрмеге жеткізу кезінде арнайы автобустар қызмет етіп, жол полициясы ертіп жүрді. Аймақтардан келген оқушылар жатақханалардың екі асханасы мен жақын аймақтардағы төрт мектептің асханасынан тамақтанды.

Еріктілер

Астана ЭКСПО ерікті

Ұлттық компанияның еріктілерінен бөлек, қаладан 510 ерікті жиналды. Олар күн сайын әуежайдан, бекеттерден туристерді күтіп алу мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру сынды жұмыстарға белсене араласты. Айта кетейік, еріктілердің бәрі — шет тілдерін меңгерген жастар. Солардан қаланың еріктілер штабы құрылды.