Атырау қаласында 16 спорт түрінен жекпе-жек фестивалі өтеді

Шара барысында ММА, дзюдо, самбо, жауынгерлік самбо, таэквондо, жекпе-жек,  WKF каратэ, бокс, кикбоксинг, тай боксы, панкриатион, грек-рим күресі, джиу джитсу, киокушинкай каратэ, еркін күрес жəне басқа да жекпе-жектің 16 түрінен жарыс ұйымдастырылады. 19 тамызда өтетін фестивальге Атырау облысының ең үздік спортшылары сынға түспек.

Жекпе-жекке Украина, Ресей, Грузия, Əзербайжан, Бразилия, Корея, Түркия, Испания, Тайланд, Польша, Бельгия, Иран, Марокко елдерінен, барлығы 16 мемлекеттен спортшылар келеді.

Облыстық дене тəрбиесі жəне спорт басқармасының басшысы, ұйымдастырушы Азамат Бекет фестиваль қонақтары үшін ММА бойынша жарыс кешін ұйымдастырып отырғанын айтты.

«Atyrau Sport Fest — 2017″  аясында көрермен бір кеште жекпе-жектің барлық түрін тамашалай алады. Фестиваль қонақтары үшін ММА бойынша жарыс кешін дайындап отырмыз – бразилиялық спортшы Фортунато Лап атыраулық белгілі спорт саңлағы Исатай Теміровпен жекпе-жекке шығады. Мұндай форматтағы шара біздің елімізде бұрын-соңды болмаған. Фестивальді жыл сайын дəстүрлі түрде өткізбек ниеттеміз. Келесі жылы Атырауда спорттық ойын түрлері фестивалі өтеді», — дейді ол.

Айта кетейік, шара отандық жəне шетелдік эстрада  жұлдыздарының концертімен жалғасады. Сондай-ақ, көрермендер Атырау облысындағы жас спортшылардың өнерін тамашалай алады.