Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

«Бұл – сын сағаты, бұл біздер үшін – тарихи сәт»

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген 5 түрлі бағыт бойынша, 5 түрлі комиссия құрылса, соның бірі – латын қарпі негізіндегі  Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.З.Қажыбектің басшылығымен құрылған мемлекеттік комиссия. Бұл комиссия мақаладағы ойды жүзеге асыру бойынша жұмыс жасап жатыр. Ал, латын қарпі негізіндегі қазақтың ұлттық жаңа әліпбиін жасау жұмыстарын, біздің институтымыз 90-жылдардан бері жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда ұсынылған жобалар өте көп. Соның ішінде біздің институт мамандары, әсіресе ғұмырын фонетика саласын зерттеуге арнаған мүйізі қарағайдай  Әлімхан Жүнісбек, Зейнеп Базарбаева сынды ғалымдарымыздың жасаған жобалары бар. Біз орыстан енген әріптерден құтылып, өзіміздің төл әріптерімізге басымдық беруіміз керек.  Жылдың соңына қарай тіліміздің сақталып қалуына, дыбыстық қорымыздың байлығын түгел көрсетуге, оқырманға қазақ мәтінін тез тануға, жазарманға қазақ мәтінін тез жазуға ең тиімді жоба бекітілуі қажет.

Қазіргі таңда кейбір жастар әліпбиді «клавиатураға негіздеп» жасайық дегенді айтады. Тіл компьютерге емес, компьютер тілге қызмет етуі керек. Тіл – ғасырлардан ғасырларға жететін, ұлттың бар болмысын бойында сақтайтын қасиетті нәрсе. Ал, клавиатура бүгін бар болса, ертең басқа бір техника жетістігінің көлеңкесінде қалуы мүмкін нәрсе. Сондықтан әліпби мәселесіне жүрдім-бардым қарамауымыз керек. Бұл – сын сағаты, бұл біздер үшін – тарихи сәт.

Терминдердің аудармасын кім қабылдайды?

Арайлым Ботанқызы, жас ғалым
©Baribar.kz

Қазақ тілі туралы сөз қозғалғанда  адамдар бірінші қоғамды, сосын тілтанушы ғалымдарды кінәлайды. Адам әр нәрсені өзінен бастауы керек. Көшеде бір-бірімен шүлдірлесіп орысша сөйлесіп бара жатқан жастарды көргенде, жүрегім ауырады. Мен бұны – «құлдық сананың жемісі» деп түсінемін. Қазір Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері қазақша жақсы түсінеді. Бір ғана мысал айтайын, «Рахат» кондитерлік фабрикасында сатушылық қызмет атқаратын қыздардың басым көпшілігі орыстар. Оларға мен қазақша сөйлеймін, жауапты да қазақша аламын. Әр қазақ өз тіліне жауапкершілікпен қараса, тілімізге сұраныс артады.

Ал, енді халық тілтанушы ғалымдарды не деп кінәлайды?  Терминдерді дұрыс аудармаған дейді. «Масқара, «Балкон» сөзін «Қылтима» деп аударыпты» — деп жағаларын ұстайды.  Ғалымдар терминді халықтың арасына «жібереді». Халық ол терминдерді қабылдай ма, жоқ па? Егер  сөздік қолданысына енсе, демек сол термин қалады. Егер сөздік қолданысқа сай келмесе, өздігінен ұмыт қалады. Сол себепті термин шыққан кезде оған үрке қараудың қажеті жоқ. Мысалы, «Аялдама», «Саяжай», «Саябақ», «Мұражай» деген терминдерді халық жақсы қабылдап, тілдік қолданысқа енгізді. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Өзге тілде қазақ тілінен балама табылмайтын бірде бір сөз жоқ» деген. Менің ойымша терминдердің қазақылануында тұрған еш әбестік жоқ. Тіпті халықаралық терминдерді өз тілімізге сындырып қабылдауды өз басым құптаймын.

«Кітаптарды латын әрпіне көшіру оңай»

Халық арасында «Латын әліпбиіне көшкен кезде кирилл әріптерімен жазылған кітаптарды қайтадан басып шығару үшін қыруар қаржы кетеді, төте жазудан кириллге көшірілмеген қаншама еңбек бар, соның бәрі ұмыт қалады» деген де үрей бар. Ол алаңдайтын мәселе емес. Бір ғана нүктені басу арқылы барлық мәтінді латын әріптеріне ауыстыруға болады. Оны ғалымдарымыз ақпараттық технология саласының мамандарымен бірлесе жасайды. Бастысы, әліпби мен оның орфографиялық ережелері бекітілсе болғаны.

Біздің грамматика бөлімі ХХ  ғасырда төте жазумен жазылған еңбектерді кирилл қарпіне аударумен айналысып жатыр. Латынға көшкен кезде оларды да басқа еңбектермен бірге латыншаға ауыстырамыз.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы О.Жұбаеваның бастамасымен ХХ ғасыр басындағы ғалымдардың бірталай еңбектері кирилл қарпімен қайта басылып шықты. Атап айтар болсақ, «ХХ ғасыр басындағы тілтанымдық зерттеулер», «Т.Шонановтың 3-томдық шығармалар жинағы», «Қ. Кемеңгерұлының 3-томдық шығармалар жинағы» т.б.

Сонымен қатар біздің грамматика бөлімі  тыныс белгілері мәселелерін зерттеумен айналысуда. Тілдік факторлардың сан түрлі ғылыми зерттеулерге негіз болуы қалыптасқан заңдылық қой, сондықтан қазақ тіл біліміндегі әлі де сүбелі зерттеуді қажет ететін салалардың бірі тыныс белгілер жүйесі десек артық айтқандық болмас. Баспа ісінің өркендеп, кең таралуы, оқушы қауымның көбеюі жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді.

«Дұрыс қолданылмай жүрген тыныс белгілері бар»

Тыныс белгілерінің қалыптасып қалған өзіндік нормалары бар екені белгілі. Дей тұрғанмен, әлі де таласты тұстары жоқ емес. Біздің бөлім 2015 жылдан бері  «Қазақ пунктуациясының мемлекеттік тілдің қолданыс аясына байланысты даму үдерісі» атты тақырып аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл сол жобамыздың соңғы жылы. Бұйыртса нәтижесі ретінде бір еңбек шығаруды жоспарлап отырмыз. Тыныс белгілері туралы сөз қозғалғанда біз ең алдымен академик Р.Сыздықованың «Емле және тыныс белгілері» еңбегін басшылыққа аламыз.

Арайлым Ботанқызы, жас ғалым
©Baribar.kz

Қазір бізде жаппай үтір қою үрдісі белең алып тұр. Журналистердің көбі «дефис» пен «сызықшаны» айыра алмайды. «Сызықша» келетін жерге «дефис» қоятындар көп. ХХ ғасырдың басында «дефис» атауының баламасы ретінде «қосарлық», «сызықша» сөздері қолданылған. Тілімізде «дефис» сөзінің баламасы ретінде дайын сөз табылғандықтан, оның жат тілдік нұсқасын алудың қаншалықты керегі бар?

Қазіргі кезде «сызықша» атауы «тире» сөзінің баламасы ретінде қолданылып жүр. Дұрысында, -ша/-ше қосымшасы кішірейту мәнін білдіреді (қалташа, күртеше, қалақша т.с.с.). Ендеше, қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес «сызықша» атауын «дефис» сөзінің баламасы ретінде, «сызық» атауын «тире» сөзінің баламасы ретінде қолдануға болады деп есептейміз. Бұлайша атау терминнің нақтылық, айқындылық, уәжділік сияқты негізгі талаптарына да сәйкес келер еді.

«Әлеуметтік желілер сауаттылықтың қас жауы болып кетті»

Әлеуметтік желілер адамның сауатты жазуына қатты әсер етіп жатыр. Facebook желісінде барынша сауатты жазуға тырысады. Ал енді «WhatsApp», «Вконтакте» желілерінде хат алмасатындардың мәтінінде қате өріп жүр. Тыныс белгілері деген — жазудағы ноталар. Жазу пайда болғалы бері бірге келе жатыр. Адам сөйлеген кезде, интонациясын қалай беріп, қай жерлерде кідіріс жасаса, соны мәтінге түсіргенде көңіл-күйді тыныс белгімен береміз. Бірде-бір белгі қойылмаған шұбырыңқы сөйлемді адамдар басқа мағынада түсініп қалуы мүмкін. «Кешіруге болмайды жазалауға» деген сияқты ғой. Үтірді қай жерге қойғаныңызға байланысты, мағына да өзгереді. Сол себепті жастарды сауатты жазуға шақырамын. Себебі, қате жазу дағдыға, ол әдетке айналып кетуі мүмкін.

«Еліктемейікші…»

Біз — еліктегіш халықпыз. Мен шетелдерге көп қыдырамын. Докторантурада оқып жатқандықтан, жақында тәжірибе алмасу үшін Түркияда болдым. Қай елге барсам да, қазақ болып туылғаныма шүкірлік етіп қайтамын.  «Мен қазақпын», «Қазақ деген дарқан халық» дегендер жай ұран секілді көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Қазақтың мәдениеті — өте жоғары мәдениет. Бірақ жастар соны түсінбегендіктен, өзгелерді «керемет» деп ойлайды. Ал шынында сол мәдениет біздің елімізде екі есе жоғары деңгейде жүріп жатады. Адамға байқампаздық керек. Шетелге шыққанда әдемі жерлерін көріп қайтуға емес, сол елдің мәдениетімен танысуға бару керек. Сол кезде сіз өзіңіздің халқыңыздың бағасын түсінесіз.

Арайлым Ботанқызы, жас ғалым
Арайлым Ботанқызы жетекшісі профоссор Dr. Хулия Ченгел және Египедтен келген ізденушілермен. ©Сурет жас ғалымның жеке мұрағатынан

Түркияға барғанда, түбіміз бір түркі болсақ та, түріктерге қарай отырып, қазақтың мәдениетіне сүйсіндім. Олар Еуропаға еліктеп кеткен, араб мәдениетін сіңіріп алған. Қарапайым мысал: біздің елімізде автобусқа мінсеңіз, жастар ұшып тұрып орын береді. Түркияда қырық күн бойы автобуспен жүрдім. Сол уақытта екі рет қана: бірі қалт-құлт еткен қарияға, екіншісі аяғы ауыр келіншекке орын бергенін көрдім. Неге орын бермейтіндерін сұрасам, «Шетелде солай. Ол жақта біреуге орын берсең, кәрі екенін, мүгедек екенін бетіне басып, кемсіткендік деп санайды»,-дейді. Олай емес. Мәдениет «үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» көрсетуден басталады. Бір рет шетелге шығып келіп, басқа елдің мәдениетін ұлтымызға әкеліп «тықпалай» берудің қажеті жоқ. Әр елдің өзіне тән ерекшелігі бар, соны сақтауымыз керек. Еліктемейікші.

Сол сияқты «шетелде бар екен» деп «әлеуметтік желі этикасы» дегенді шығардық. Онда бас әріппен немесе леп белгісін қойып жазу агрессияны білдіреді деп жатады. Ол шетелде агрессия шығар, бізде олай емес. Бізде ол сауаттылықты көрсетеді. Егер басқа елге еліктей берсек, несіне ұлт болып отырмыз?!

Ғылымға келу жолы немесе «білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз»

Кішкентай кезімнен бері қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен түрлі олимпиадаларға қатыстым. Мектеп бітірген соң, бағытым айқын болғандықтан, бірден Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне тапсырдым. Түстім. 3-курста оқып жүргенде, «31 арна» «Жақынға жәрдемдес» бағдарламасына сценарий жазатын адам іздеп, іріктеу жариялады. Қатыстым. Елу адамның ішінен менің нұсқам ұйымдастырушыларға ұнап, сценарист болып жұмысқа орналастым. Үш жыл ішінде қарапайым сценарий жазушыдан сценарист редактор қызметіне көтерілдім.

Бір жұмыстармен осы Тіл білімі институтына келіп-кетіп жүргенде, бұнда қандай ғалымдар жұмыс істейтінін білгім келетін. Табалдырығынан аттау үлкен мәртебе болатын. Университеттегі мұғалімдеріміз осы жердегі ғалымдарға жұмсаса, ішімізден Аллаға сыйынып кіретінбіз.

Кейін журналистикадан тіл ғылымы саласына ауысқым келді. Журналист кезімде сценарийлерді есіп тұрып жазатымын. Қазір соныма ұяламын. Өйткені жас кезде адамда қорқыныш аз, батылдық көп бола ма, сөйлеген кезде де шешен сөйлейтінмін. Қазір әрбір сөздің салмағын білесің, орынды қолдануға тырысасың. Ертең біреу «Тіл білімі институтының маманы солай сөйлеген» деп қателікке бой алдыра ма деп, аяғыңды аңдап баса бастайсың. Адам ізденген сайын «білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз» екенін түсінеді екен.

Кейін магистратураны Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқыдым. Қазір докторантурада осы Тіл білімі институтында «лингвистика» мамандығы бойынша оқып жатырмын.Тілге деген махаббатым зор, осындағы ғалымдарды үлгі тұтамын. Әрине, кітап сөзі құран сөзі емес, ғалымдардың да жаңылысатын жерлері болады. Дей тұрғанымен, адам ізденген сайын дұрыс бағытқа түсетінін түсіндім.

Қазақ тілін зерттеу жұмыстарына үлкен теңізге бір тамшы құйғандай болса да, өз үлесімді қосқым келеді.

«Бір ғана сөзбен бүкіл халықтың мәдениетін сайратуға болады»

Арайлым Ботанқызы, жас ғалым
Үндістанда өткен ғылыми конференцияда ©Сурет жас ғалымның жеке мұрағатынан

Қазақ тілінің ғылыми мәселесі шексіз. Халық бар жерде тіл бар, қоғам барда, оның қызметі бар. Әр заман тіл білімінің алдына жаңа талаптарын қояды, соған қарай ғалымдар тілді зерттеп отырады. Егер тіл білімінің мәселесі бір рет қана зерттеумен шешілетін болса, мүйізі қарағайдай үлкен мемлекеттер тіл білімі саласын зерттеуге өзінің қыруар қаржысын салмас еді. Елдің елден несі артық? Тілі, мәдениеті, салты, артына қалдырған мұралары, тарихымен артық. Ал соның бәрі келешек ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Сіз өзге тілмен қазақтың болмысын, мәдениетін ашып бере алмайсыз. Өйткені қазақтың мәдениеті қазақ сөздерінде кодталып қойылған. Оны ағылшын тілінде, болмаса басқа тілде дәл сол мағынада жеткізе алмайсыз. Бір ғана сөзбен бүкіл халықтың мәдениетін сайратуға болады. «Қазақ тілі — өте бай тіл» деген жай ғана ұран емес, ол шындық. Бір ғана фразеологизмдер жинағын алып оқыңызшы. Сол кезде қазақтың қандай халық екенін, қазақ тілінің қандай екенін түсінесіз.

«Тілді ғылымнан бөліп алып тастағысы келетіндер де жоқ емес»

Көп адам «ғылым нақылықта» деп айтады. Жоқ, ғылым қиялда да, ойда да, адамның сезімінде де бар. Ғылымды нақтылықта деп бір торға салып, шектеп қоюға болмайды. Қазіргі техникалардың жетістігі  о баста тек қиял болған. Сондықтан әдебиетті қиял ғылымы, жаратылыстану ғылымдарын нақты ғылым деп айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қиял-ғажайып  ертегілер не үшін жазылды? Ол адамның қиялын ұштай түседі. Сол арқылы адамда ой пайда болады. Ой ғылыммен айналысуға жетелейді. Бір нәрсені ойламай жатып, бірден ғылым жасай алмайсыз. Қазір тілді ғылымнан бөліп алып тастағысы келетіндер де жоқ емес. Барлық ғылым бастауын тілден алады. Сондықтан ғылымға келмей тұрып, тілді дұрыстап алу керек. Ол үшін көп оқу керек. Оқыңыздар, сол кезде қай терминнің қалай аударылғанын білесіздер. Тіліңізді барынша қазақыландыруға тырысыңыз.

Қазір жастардың жазған ғылыми еңбектерін оқысаңыз, бірінші беттен-ақ адамға түсініксіз терминдермен жазады. Ғылым деген түсінікті болуы керек. Оқыған адам бірден ұғуы керек. Ғылыми еңбек кім үшін жазылады? Халық үшін. Оқыған адам оны түсінбесе, жазудың қажеті қанша? Сол себепті ғылыми жұмыстарда терминдерді қолдансаңыз, жанына анықтамасын жазып қойыңыз. Ғылыми стиль деген осы екен деп терминдерді орынды-орынсыз қолдан беруге болмайды. Онда ол ғылыми жұмыс емес, қойыртпақ болып шығады.

Арайлым оқуға ұсынатын кітаптар:

  • Сөздің қолданылу аясын түсініп, сөздік қорыңызды кеңейткіңіз келсе, жазушылардың шығармаларын көп оқыңыз. Әсіресе «Абай жолы» романын. Қазақтың таза, көркем, шұрайлы тілін содан табасыз.
  • Ғабит Мүсіреповтың шығармалары, әсіресе, «Ұлпан» романы.
  • Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз», «Соңғы көш» романдары.
  • Жақсылық Сәметұлы «Қаһарлы Алтай».
  • Тұманбай Нұрмағанбет «Ата қоныс», «Кеме» т.б.

Сұхбат және сурет авторы Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

3 пікір

  1. орысша сөйлеу мода гой өазақтарға асиресе жастары

  2. латын біресе крилица деп басқа жумыс жоқ па латынға көшіп вообще дубара боп кетпейік

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!