Басты бетБатыс Қазақстанның...

Батыс Қазақстанның білім ордалары оқу жылына әзірліктерін пысықтады

2017 жылдың 8 тамызы күні Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті брифинг өтті. «Облыстық білім беру ұйымдарының жаңа 2017-2018 оқу жылына дайындығы туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы З.Ғұмарова қатысты.

Спикердің айтуынша, 2017-2018 оқу жылында облыста 381 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектептер жұмыс жасап, оларда 94 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Болжам бойынша 1 сыныпқа 11 800-ден астам оқушы қабылданады.

Оқушылар контингентінің азайып, талапқа сай келмеуіне орай 3 бастауыш мектеп жабылды (Қазталов ауданында Хайруш және Саралжын бастауыш мектептері, Теректі ауданындағы Қандық бастауыш мектебі).

Оқушы санына байланысты 1 негізгі мектеп орта (Ақжайық ауданы М.Өтемісов атындағы НЖОББМ), 1 орта мектеп негізгі (Теректі ауданы Талпын ЖОББМ) болып қайта құрылды.

Жергілікті бюджеттен оқулықтарды сатып алу үшін 2 334,9 млн. теңге бөлінді. Облыста жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2, 5, 7 сыныптардың барлық оқулықтары, мектепалды даярлық, арнаулы мектеп оқулықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтар және қорды толықтыру бағытында барлығы 1 244 000-нан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді. Баспалармен келісімшарттар жасалып, оқулықтарды тасымалдау басталды. Қазіргі таңда оқулықтардың 20 %-ы аудандар мен қалаға жеткізілді. Оқулықтарды тасымалдау тамыз айының 30-ына дейін жүргізіледі.

Жергілікті бюджет есебінен 12 білім нысанына жалпы сомасы 1241,0 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жүргізілуде. Күні бүгін 5 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда облыста 9 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. ҚР Ұлттық қоры есебінен: (Орал қаласының Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындық 2 мектеп (қараша, желтоқсан), Зашаған ауылының Сарытау шағын ауданында 900 орындық мектеп, Орал қаласында апатты жағдайдағы №4 жалпы білім беретін орта мектеп ғимараты (қараша).

Республикалық бюджет есебінен: (Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орыңдық интернатымен 300 орынға арналған мектеп (аяқталу мерзімі – 2018 ж);

Жергілікті бюджет есебінен: (Қазталов ауылындағы 100 орындық мектеп жанындағы интернат (аяқталу мерзімі – 2017 ж) және Бөрлі ауданының Кеңтубек ауылында 50 орындық балабақша (аяқталу мерзімі – 2017 ж);

Шетел инвестициясы есебінен: (Бөрлі ауданының Аралтал ауылында 300 орындық (аяқталу мерзімі – қараша 2017 ж) және Ақжайық ауданының Шардаршап ауылында 198 орындық мектептер (аяқталу мерзімі – 2018 ж).

Жазғы кезеңде барлығы 20 демалыс лагері жұмыс жасап, оларда 6824 оқушы қамтылды, 350 мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған лагерьде 33238 оқушы қамтылды, 228 тамақтануы ұйымдастырылмаған алаңдарда 23363 оқушы қамтылды, 25 шатырлы лагерьде 3869 оқушы қамтылды.

  • «Педагогикалық кадрлар мәселесі бойынша, 2016-2017 оқу жылында

облыстың білім беру мекемелерінде 21 850 педагог қызметкер жұмыс жасады. Жалпы білім беретін мектептерде 11 971 мұғалім жұмыс істеді. Оқу жылының аяғында 105 педагогикалық қызметкерге қажеттілік бар. Көбінесе ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспей отыр. Аталған қажеттілікті ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап жұмысқа кірісетін жас мамандарды қабылдау және зейнеткерлерді тарту, жүктемелерді көбейту есебінен жабу көзделуде» — деді З.Ғұмарова өз сөзінде.

Тоқтар Ғабдірешұлы