Қыдырбаев және Өтешов Польшада жаттығуда жүр

Естеріңізге сала кетейік, Өтешов пен Қыдырбаев Хьюстонда өткен әлем чемпионатында 94 келіге дейінгі салмақта тиісінше күміс және қола жүлдегер атанған. Одан кейін, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бұл спортшыларды «допинг қолданды» деп айыптап, алдағы жарыстарға қатысуға тыйым салған еді. Алайда спортшылар жаттығуын үзген жоқ. Федерация нақты шешімді көктемде шығаруы тиіс.

Ал осы 94 келі салмақта 2009 жылғы әлем чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола, 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Седов жаттығуын қайта бастаған. Седов қазір Алматы облысы Үштөбе қаласында жаттығып жатыр. Осыған дейін ол  2015 жылы Талдықорғанда өткен ел чемпионатына қатыспаған. Кейін Илья Ильин Седов спорттан кеткенін жеткізген.

Қазіргі уақытта ауыр атлетикадан Алексей Ни бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейдің Сочи қаласында Олимпиада алдындағы жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Сочи қаласына Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова, Фархад Харки, Арли Чонтей, Жазира Жаппарқұл және Нижат Рахимов сынды спортшылар барған. Спортшылардың тағы бір бөлігі Текеліде жаттығуларын пысықтап жүр. Ал Илья Илиннің командасы Варшавада жаттығу жұмыстарын бастаған.

Одан бөлек, Былтыр жастар арасында Перуде өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар Игорь Сон (50 келіге дейін) мен Татьяна Капустина (69 келіге дейін) әлем чемпионатында алтын медаль жеңген еді. Алайда спортшыларымыздың қанынан тыйым салынған препараттар табылып, 11 айға спорттан шеттетілген.

Дереккөзalaman.kz