Алматы қаласының жаңа жоспары тұрғындарға ыңғайлы болады — Алтай Сатыбалдиев

Халықаралық шара «Алматы қаласының тұрақты көліктер» жобасы аясында өтуде.

Жазғы мектептің ашылуы барысында Алматы бас жоспары өзгерістерінің авторы Алтай Сатыбалдиев болашақтағы Алматы қаласындағы басты өзгерістер туралы айтты.

«Биылғы жылдың соңына дейін қаламыздың жаңа бас жоспары бекітіледі. Жаңа жоба 2,4 млн тұрғынға есептеліп жасалды. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын Алматыда көшелер кеңітіледі, көліктерге жағдай жасалады. Бірақ, жөндеу жұмысын жасай бергеннен гөрі жүйелі түрде өзгерту керек. Жаңа жоспар адамдар үшін ыңғайлы болмақ. Бұл Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасымен жасалып отыр»- деді ол.

Сондай-ақ, Алтай Сатыбалдиев қаладағы өзгеріс тұрғындар үшін қолайлы болатынын мәлім етті.

«Қаладағы ең басты өзгеріс экономикалық және экологиялық жағдайды жақсарту үшін жасалады. Біздегі міндет — Алматының шекарасын ұлғайтпай-ақ, сырттан келетін адамдарға ыңғайлы ету. Яғни, өзге жақтан келгендерге қалаға келудің қажеттілігі болмайды. Сондай-ақ, қала ғимараттарының тарихи сипатын сақтап қаламыз. Оған өзгеріс енгізбейміз», -деді Алматы бас жоспары өзгерістерінің авторы.

Айта кетейік, алдағы уақытта Алматыда көліктердің жаңа түрі — жеңіл рельсті көлік, метро, БРТ (жылдам жүретін транспорт) дамымақ.