Басты бетБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысының инвестициялық əлеуеті талқыға салынды

Елбасы облыс əкімдері мен дипломатиялық корпус өкілдеріне инвестиция тарту жөнінде нақты тапсырма беріп,  «Экспо-2017» көрмесі алаңын осы мақсатта тиімді пайдалану қажеттілігі туралы айтқан болатын. Осыған орай, бүгін қауымдастық павильонында «Батыс Қазақстан облысының инвестициялық əлеуеті» тақырыбында форум өтті.

Шараға ҚР сыртқы істер вице министрі Мұхтар Тілеуберді, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, «Экспо-2017» Қазақстан бойынша комиссары Рәпіл Жошыбаев, отандық компания басшылары мен  халықаралық және шетелдік қаржы институттарының, 30-дан аса елшілік өкілдері қатысты. Форумға қатысушыларға алдымен павильонға қойылған  Батыс Қазақстан облысының инновациялық жобалары мен өңірдің инвестициялық  əлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг  КПО компаниясын кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалар мен «Жайықмұнай» ЖШС жəне «Nostrum Oil and Gas» компаниялар тобын дамытудың тиімділігі, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тетіктері туралы да кеңінен әңгіме қозғалды.

БҚО əкімі Алтай Көлгінов «Экспо-2017» көрмесінің шетелдік компаниялармен серіктестік қарым-қатынас орнатуға зор ықпал ететіндігін айтып, бүгінгі инвестициялық форум жаңашыл жобалалардың жүзеге асуына және өңір экономикасының ілгерілеуіне өз септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

«Қазірдің өзінде Финляндия елімен бірлескен 3 жоба басталды. Атап айтсақ, «Стеклосервис» ЖШС  мен «Дженерал Финланд» компаниясының бірлескен жобасы бойынша құрылыс материалдарын шығару қолға алынды. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды  өңдеу және құрылыс саласындағы 3D жобалау деп аталатын жобалар да өңіріміз үшін өте маңызды. Бүгінгі форум кезінде Батыс Қазақстан облысына инвестиция бағыттауға ниет білдіріп отырғандар көп. Мысалы, Иран, Қытай жəне Израиль мемлекеттері ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отыр.  Осы бойынша жұмыстанамыз», — деді өңір басшысы.

Форум барысында пленарлық отырыс пен В2В, В2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, кездесу соңында тараптар іскерлік қарым-қатынас жөніндегі меморандум мен БҚО-ның кəсіпорындарына трансұлттық компанияларды тарту жөніндегі келісімге қол қойылды.