Көкшетауда “Оқжетпес” стадионына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

Көкшетауда 1955 жылы салынған стадионға алғаш рет 2004 жылы күрделі жөндеу жүргізілген еді. Араға 5 жыл салып, мұнда табиғи газон төселді.

Алайда табиғи газон ауа райына шыдас бермеді. Енді, міне, футбол алаңын қайтадан жөндеу қолға алынды. Мердігер компания қазір қиыршық тастан қос қабат жабынды төсеген.

Ал жасанды газон күзге қарай орнатылмақ. Сондықтан “Оқжетпес” футбол клубы өз ойындарын Көкшетауда жақын арада өткізбейді.

Айта кетейік, “Оқжетпес” командасы ел біріншілігінде 9-орында келе жатыр. Бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Стадионның ашылуы бұл жағдайға оң әсер етеді деген үміт бар. Себебі, жанкүйерлердің қолдауы жеңісті жолға апаруы әбден мүмкін.