Сұлулық пен таланттарды тап басып, тануды көздеген сайыстағы үлкен жетістіктер Скеа үшін кездейсоқтық емес. Дарынды қыз бұған дейін Грузиядағы Prince & Princess халықаралық конкурсында: Best princess of the World Best Sharm 2017, Best princess of the Asia Winner, Best Charity of the World 2017 аталымдарын жеңіп алып, айды аспанға шығарған болатын. Сондай-ақ ол «Үздік қайырымдылық ролик» дербес аталымын да қанжығаға байлады.
Таиланд еліндегі байқауда көрсетілген ролигінде Скеа туған қаласы Орал мен Отаны Қазақстан туралы былайша сыр шертеді:
«Менің атым Скеа Давина. Мен бүгін өзімнің Отаным, тамаша ел – Қазақстан Республикасы туралы айтқым келеді. Мен Орал қаласында туып-өстім. Қазақстан – тарихқа бай, ежелгі мәдениеті мен қайталанбас табиғаты бар ұлы мемлекет. Қойнауы неше алуан қазба байлыққа толы ұланғайыр жерімізді домбырада күмбірлеген күйсіз көзге елестету мүмкін емес. Домбыра қазақтың тұрмыс-тіршілігін толық сипаттап беретін, күні бүгін де кең ұолданыстағы ең сүйікті саз аспабымыз. Біздің еліміз көпұлтты. Ол біздің артықшылығымыз. Достық, өзара сыйластық, құрмет, қонақжайлық қасиеттер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Мәңгілік ел идеясына арқау болады. Мен өз Отанымды мәңгілік сүйіп өтемін! Отанды сүю деген оған пайдалы болу, өткенін құрметтеу және болашағын өз қолымызбен жасау!»-дейді Скеа.
Видео YouTube-ке орналастырылған. Бейне жазбада кішкентай қазақстандық өзінің Отаны, туған қаласы Орал туралы мақтанышпен айтады. «Біз қазақстандықтар, тату біртұтас халықпыз. Біздің тағдырымыз Мәңгілік ел ұғымымен ұштасады. Қазақстанда адамдар еркін, бір-бірімен тату өмір сүреді. Мен Отанымды сүйемін. Отанды сүю дегеніміз өз еліңе қамқор болу, өткені мен бүгінін құрметтеу деген сөз», — дейді Скеа.
Тоқтар Ғабдірешұлы