Басты бетЖаңалықтарҮкімет басшысы...

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысымен танысады.

Өңірге барған Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте «Есіл Агро» ЖШС сүт-тауар фермасы мен егіс алқаптарын аралады, онда ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық ерекшеліктерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту келешегімен танысты.

Бақытжан Сағынтаев сүт фермасын аралау кезінде кәсіпорынның өндірістік үдерістерімен және дайын өнімдер көрмесімен танысты. ҚР Премьер-Министріне мұнда өндірістік қуаттылықты 2 есеге дейін ұлғайту және сауын табынын 2 400 басқа дейін жеткізу көзделіп отырғаны туралы ақпарат берілді.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Есіл Агро» ЖШС егістігінде болды, онда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның егін жағдайы туралы баяндамасын тыңдады.

Айта кету керек, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес осындай кәсіпорындарды ашу елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптасыру кезінде маңызды бағыттардың біріне айналуы тиіс. Осыған орай, бүгінгі күні АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне кешендік қолдау көрсетіліп жатыр. Онда жеңілдікпен несиелендіру мен қолдау көрсетудің өзге де тетіктері қарастырылған.