Басты бетТанымБала бақытының...

Бала бақытының құпиясы неде?

Бірақ «бақыт» деген ұғымның өзін әркім әрқалай түсінеді. Біреу бала бақытын тек материалдық құндылықпен байланыстырса, біреу рухани құндылықты алға тартып, материалдық өмір сыйлай алатын ұсақ-түйекке көңіл бөлмейді.

Сонымен өзіне сенімді әрі ақылды болып өсуі үшін балаға не керек?

Баламен жиі сөйлесіңіз, оның кез келген сұрағын жауапсыз қалдырмаңыз.

Тіпті баланың сұрағы шексіз көрінсе де, ол үшін ашу шақырудың қажеті жоқ. Қайта баланың тап осы сұрақтарды сізге қойғанына қуаныңыз. Өйткені сіз кішкентай үшін бүкіл әлемсіз және барлық сұрақтың жауабын тек сіз білесіз!

Кішкентайыңызды жазаламаңыз

Бала бір затты сындырып алғаны үшін ауыр таяқтың астына қалып не бұрышта сағаттап тұрса, ол сізге ренжіп, өзінің кішкентай жүрегіне сол ренішті ұзақ уақытқа сақтап қалады. Керісінше, оған дос болуға тырысып, жағдайды түсіндіруге тырысыңыз. Әрине, еркеліктің шегін білмеген жағдайда аздап жазалауға да болады, бірақ күш көрсетумен емес. Мысалы, сүйікті мультфильмді көруге тыйым салу, саябаққа серуенге шығудан бас тарту сынды дәрежедегі жазаның өзі бала үшін жеткілікті.

Балаға құрметпен қараңыз

Бұл олардың болашағына жасалған мықты тірек. Бала қандай жағдайда да өзін түсінетін, сыйлайтын, құрметтейтін жанды өз ата-анасы деп білсе, бақытты бала өсіріп жатқаныңызға сенімді болыңыз. Баланы құрметтеңіз, сонда ол да сізді құрмет тұтатын болады.

Балаға деген махаббатыңызды жасырмай, оны жиі құшақтаңыз

Махаббатпен, ата-анасының өзін жақсы көретінін біліп өскен бала – ең бақытты бала!

Балаға өз бағаңызды беріп отырыңыз

Бала жаман қылық танытса, сөгіс естіп, жақсы қылық танытса, ескерусіз қалғаны дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Бала жақсы қылық танытса, оны міндетті түрде байқап, өз бағаңызды беріп отырғаныңыз жөн. Еңбектеніп салынған сурет, жуылған кесе не жақсы баға үшін мақтау айту қиын емес қой. Ата-ана үшін бұл – болмашы нәрсе, бес секунд уақытын алатын дүние, ал бала үшін нағыз бақыт және өзі үшін үлкен абырой!

Баламен көбірек уақытты бірге өткізіңіз

Сонда «Баланы қалайша бақытты етіп өсіруге болады?» деген сұраққа жауап іздемейтін де боласыз. Баладан бөлектенбеңіз. Дүкенге, саябаққа, жағажайға, кафеге немесе тағы қайда барсаңыз да, баланы бірге ертіп жүріңіз. Көбірек бала үшін қызықты орындарға баруға тырысыңыз. Бала өмірін қанық түстерге толтырыңыз.

Бұл кеңестер үлкен материалдық шығынды да қажет етпейді. Ата-ананың балаға беруі тиіс ең басты дүниесі – махаббат пен мейірім. Ал адам өміріндегі ең қымбат дүниелер тегін тұрады. Ол – махаббат, құшақтау, сүю, көңіл бөлу.