Ауылда жүргенімде қызық көріп дзюдо секциясына қатыстым. Бір ай қатысып, шығып кеттім. Өзімнен бір жас үлкен досым бар. Сабақтан қайтып келе жатқанымызда, бір күн бұрын штангаға барғанын айтты. «Сен де келсеңші, ағай неше түрлі әзіл айтады,» — деді. «Жарайды» деп, ертеңінде мен де залға келдім. Ағай алдымен білегімді байқап көрді. «Жарайсың, жаттығуға қалмай келіп жүр,» — деді. Бір залда 20 шақты бала дайындаламыз, бар болғаны үш штанга бар. Оның үстіне бәрі ескі. Бірінші күні ағай футбол ойнатқызды, түрлі жаттығулар жасатты. Бір ай өткен соң, жарыстарға шыға бастадым. 30 кг көтеретінбіз, өз салмағым 38 кг болатын. Осылайша 7-сыныптан бастап зілтемірмен алыса бастадым.
Қалдыбай ағайымыз: «Оқуға түсіремін, жақсы нәтиже көрсету үшін дұрыстап жаттығыңдар,» — дейтін. Жаттығатын бала көп. Барлығымыздың Қызылордадағы спорт интернатына барып оқығымыз келеді. Осы сөзі мотивация берген болар, мен ақырындап көңіл көншітерлік нәтижелерге қол жеткізе бастадым. Бірақ Алматыдағы спорт мектептерінде оқитын аға-әпкелерім: «Алматыға келсеңші, мүмкіндік көп,» — деп өздеріне тарта бастады.
Қасымда бірге дайындалып, бала кезден бірге жүретін досым Бексұлтан 8-сыныбында Алматыға оқуға түсіп кетті. Бір жылдан кейін шешім қабылдап, Шиеліден Алматыдағы Республикалық спорт мектебіне мен де келдім.
Ауылда үш жыл бойы жаттығуға қатыстып жүрдім. Бастаған 20 баланың ішінде тек Бексұлтан досым екеуміз қалдық. Біз осы істі соңына дейін апаруды көздедік.
Алматыдағы спорт мектебінде Айбол ағаймен таныстым. Жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Алғаш келгенде салмағым 66 кг болатын. Ол кезде 90-110 кг аралығындағы штанганы көтеріп жүрдім. Жарты жылда 30 кг қостым. Негізі аз мерзім үшін бұл жақсы нәтиже, қалыпты жағдайда бір жылдың ішінде 10-20 кг қосуға болады. Мүмкіндігімнің артуына Айбол ағайымның үйреткен техникалары әсер етті. Ауылда бір уақыт қана залға баратынбыз. Мұнда келіп үш мезгіл жаттығатын болдық. Сол жылы шеберлікті Қырғызстанда қорғадым, елде Қазақстан кубогы болған кезде спорт шебері деген құжатымды қолға алдым. Осы атақты алғаннан кейін, бәріне шындап ден қоя бастадым.
Айбол ағай, Жарқын ағай, Әділ ағайларым жаттығуларыма жіті қарайды. Дұрыс істеп жатырмын ба, қандай қателігім бар — бәріне мән беріп отырады. Жаттықтырушысыз спортшы ұзаққа бармайды деп ойлаймын.
Ауыр атлеттердің бір күні қалай өтеді?
Жоспарға байланысты күн тәртіптеріміз әрқандай болады. Сабақтан кейін, сағат 11.00-де жаттығуымыз басталады. Бұл жаттығулар жеңілірек. Одан кейін қайтадан сабаққа барамыз. Кешкі жаттығу 16.00-де басталады. Классикалық жаттығулар, шабуыл, 90 пайызға жұмыс істеу тәрізді ауыр жаттығуларды осы уақытта орындаймыз. Егер менің рекордық көтеретін салмағым 145 кг болса, 90 пайыздық жаттығу кезінде 135 кг көтеріп жаттығамын. Демалыстарымыз ұзақ дегенде, екі аптаға созылады. Одан кейін дайындық қайтадан басталады.
«Спортшының жауы — жарақат»
Біз темірмен жұмыс істейміз. Күш болмаса, ештеңені көтергің келмей кетеді. Жарақат алатын кездерімізді кейде алдын ала сеземіз. Осыған дейін бірнеше жарақат алдым. Қол, аяқ, бел, он жетінші омыртқа деген тәрізді мүшелеріміз жарақат көріп үлгерді (күледі). Біздің салада жарақаттан көп нәрсе жоқ. Оны көбінесе жаттығу кезінде аламыз. Бірақ барлығы өз кесірімізден болады. Уақытылысы демалу керек. Тұрақты жүріп-тұруға бой үйрету қажет. Егер бір-екі күн дағдыны бұзсаң, шаршағанның үстіне шаршай түсесің. Қол-аяққа осылай күш саламыз. Бір жерің сынса, жарты жылдай спорттан алыстауың керек болады. Спортшының басты жауы — жарақат.
Меніңше, жарақаттанған спортшының көбіне «денсаулық керек, спортты қояйын» деген ойлар келеді. Оған қоса, «балам аман болсын» деген ата-ананың уайымы бар. Әрине кімнің қандай шешім қабылдайтыны өзіне байланысты. Жарақат алған кезде әке-шешеме айтпауға тырысамын.
Бірде Қазақстан кубогы қарсаңында он жетінші омыртқадан ауырлау жарақат алдым. Анам бірден емдетуге кірісті. Алайда «спортты қоюың керек» деген тәрізді сөздер айтпады. Әкем жас кезінде спортпен айналысқан. Бокспен, жүгірумен, штангамен де шұғылданып көрген. Бірақ барлығын соңына дейін апаруға мүмкіндігі болмапты.
«Спорттағы ақша да — өте жақсы мотивация»
Қазір залда менімен бірге 77 кг салмақта төрт бала дайындалып жүр. Олардың нәтижелері жақсы деңгейде. Барлығы — Қазақстан чемпионы. Көк туымызды желбірету — ортақ арманымыз. Шындығына келсек, спорттағы ақша да — өте жақсы мотивация. Мысалы, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген балаларға айлық тағайындалады. 9 — 10-сыныпта оқып жүріп, 100 мың теңге еңбекақы алған кімге ұнамайды? Көбінің спортты тастамай, жарыстарда жеңіске жетуіне осы да әсер етеді деп ойлаймын. Үйіңе азамат болып ақша апарсаң, ата-атаң да қуанады. Өзіңнің текке жүрмеген бала екеніңе сене бастайсың.
Бірақ айлық алты ай сайын қадағалаудан өтіп отырады. Егер жарыстарда орын алып, нәтиже көрсетпесең, айлықты алып тастайды. Ол үшін Әлем чемпионаты, Азия чемпионатында орын алуың керек немесе халықаралық дәрежедегі спорт шебері болуың керек.
Мені зілтемірші еткен ауылдағы жаттықтырушы ағайым — Қалдыбай Тоқбаев. Бізге «тек штанга, штанга» демей, доп тепкізді, ойнатты, өмірден түйгенін үйретті. Мен ол кісіні қатты құрметтеймін. Шыны керек, әкеме қарағанда Қалдыбай ағайға жиі хабарласамын. Жаттығудан шаршап, кейде жалыққан кезімде сол кісінің үміті менің күшімді қайтадан жинап береді. Ағайымнан таяқ жеп көрмеппін. Таяқ жейтіндер қазір де бар. Ұрғанда қан жоса етпейді, қағып қалуы мүмкін (күледі). Бірақ жаттықтырушыңның мұндай қарым-қатынасы елірген есіңді бірден жинап тастайды. Ағайдың өзге балаларға ренішін көріп, кейде өзім де жетпей жүрген жігерімді табамын.
Спортшыларды, жаттықтырушыларды көбі түсінбей жатады. Бірақ ағай бізге жаман болсын деп ұрыспайды. Олар да бізді тек биіктен көргісі келеді. Алайда түсінетін адам түсінеді, ары қарай алып кетеді. Ал кейбіреулеріне таяқ та өтпейді. Нәтиже шығару үшін, ең бастысы, ниет керек.
Штангист десе, бәрі белден кетеді деп ойлайды. Жақсы көрсеткіштер шығара бастағаннан кейін, бізге ешкім олай айтпайтын болды. Ең үлкен көтерген салмағым жалпы есепте 320 кг болды. Халықаралық спорт шебері болу үшін 330 кг-ды бағындыруым керек. Сырт көзге мүмкін емес болғанымен, бұл бізге — аз салмақтар.
Ауыр атлеттер қандай жаттығулар жасайды?
Алғаш залға келгеніңізде, бірден ауыр салмақ көтертпейді. Бастапқыда техникаларды үйретеді. Жайлап 20 кг-ды көтере бастайсыз. Тізе бүгу, бел, қол-аяққа арналған жаттығуларды көбірек жасайсыз. Темірдің адамға бағына беруі оңай емес. Уақыты өз ретімен келеді. Кейбіреулер ауыр атлетикаға келе сала, бір жыл ішінде спорт шеберлігін қорғап тастайды. Бірақ одан әрі өсуі қиын болады. Денені де бұл спортқа ақырындап, баппен үйрету керек.
«Спорттан басқа қызықтыратын салалар бар»
Спорттан бөлек, бизнес саласы да ерекше ұнайды. Ағаларымның сауда орындары болатын. Кішкентай кезімде маған да «сатып көр, үйренесің» деп, дүкендеріне тұрғызатын. Қызық еді. Бұрын өлең шығаратынмын, қазір де шабыт келсе жазатыным бар.
Күніне үш мезгіл жаттығу жасаймыз. Оның арасында демалмасаң, ауыр болып кетеді. Кешкі жаттығу сағат 23.00-де аяқталады. «Спортшылар кітап оқымайды» деп айтып жатады. Негізі жаттығулардан кейін уақытта та, шама да қалмай қалады. Бізден нәтиже күтеді, спортта жеңіске жетуіміз керек. Мақсатымыз айқын болған соң, бар жігер мен күшті тек осы салаға арнауымыз қате деп есептемеймін.
Жарыстардан жеңіліспен оралып жүргенімізде, «не үшін келдік осыған?» деп те ойладық. Бірақ нәтиже көрсете бастағандықтан, ол сөзді де, ойды да ұмыттық.
Кейде спорттан жалығатын сәттер болады. Қиындап кеткенде, «тастайыншы осыны» деген ой да келеді. Бірақ мені қаншама жыл қолдауынан босатпаған ауылдағы жаттықтырушым, жасы 60-тан асқан Қалдыбай ағамның үміті түсініксіз ойлардан бірден алып шығады. Ол кісіден өзге Шиеліде және Алматыда алты ағайым бар. Қызылорда да жаттықтырушыларым бар. Олардың сенімі күш береді. Қамқорлықтарын көріп келеміз. Біздің тамақтануымызға, дұрыс ұйқымызға баласына алаңдағандай көңіл бөледі.
Ата-анам: «Kazsport» арнасынан балам қазір шығып қалады,» — деп, күтіп отырады. Олар менің мықты атлет болатыныма шынайы сенеді. Жарыстарыма қолы тисе, қалмай келуге тырысатын әпкем, бауырларым бар. «Чемпион боласың» деп жиі айтады. Жолымнан адастырмайтын шамшырақтарым — осы.
Бексұлтан Төленов, ҚР спорт шебері, ауыр атлетикадан 69 кг салмақ бойынша Алматыдағы №1 спортшы: Асылжанның ең жақсы қасиеті — адалдығы. Әрдайым көңілді жүреді. Бойында табиғи дарыны да жетеді. Зілтемірші психологиялық тұрғысынан өте мықты болуы керек. Асылжанда бұл қасиет бар. Ол жарысқа шыққанда, бірден өз-өзін жинап алады. Алдындағы штанганы көтеремін деп мақсат қояды, орындайды. Өзіне сене біледі. Егер адамда жігер болмаса, темірді жеңу оңай емес.
Айбол Кульбаев: Асылжан біздің мектепке келген кездің өзінде осал емес еді. Ауылдың зілтеміршісі Қазақстан кубогының 3-орын иегері болатын. Осы жарыстан кейін: «Ағай, мені мектептеріңізге аласыз ба?» деп сұрады. Асылжанның жарыстағы мінезі, дене бітімі ұнаған еді. Басшыларға оның дарыны мен мүмкіндігі мол екендігін айтып, өзімізге қабылдауға өтініш білдірдік. Негізі Республикалық спорт мектебіне 7-сыныптан бастап қабылдайды. Ал Асылжан ол кезде 10-сынып оқушысы еді. Спортшымыздың болашағының бар екеніне көзі жеткен соң, басшылық оны бірден қабылдады. Ауылдан келе сала, жарты жылдан кейін мектептегі балаларды басып озды. Ұзамай Қазақстанның спорт шебері атағын қорғады. Осыдан кейін ол одан сайын жігерлене түсті. «Мен мықтымын, осынша салмақты көтеріп тастаймын» деп әсте мақтанбайды. Мұндай мінез жаттықтырушыларға қатты ұнайды. Әлем чемпионатында, Азия чемпионатында 3-орын алды. Негізі Азия чемпионы болады деп күткенбіз. Бірақ жарыстардың арасы тым жиі болды, демалып үлгермеді. Алайда Асылжан осы жетістіктерімен Ұлттық Құраманың көзіне ілікті. Шақырту да алды. Асылжан өте жылдам, техниканы бірден қабылдайды. Болашақта оны Олимпиададан көреміз деген сенімім басым.
Чемпион болу үшін барлығы қажет. Қасымызда жүрген Әлем, Азия чемпиондарына қараймыз. Олар тек жаттығумен айналысады, режимдері де тұрақты. Соларды көре отырып, ойымызды да, ісімізді де түзейміз. Бастысы — мақсатты ұмытпай, шыңды бағындыру үшін жұмыс істеу қажет.
Сұхбаттасқан және фото авторы Ақжарқын Қыдырханова.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Молодец. Будущее нашей страны. Таких молодых, перспективных спортсменов нужно поддерживать.
мен калдыбай агайга штангыг барам