Басты бетҚазақстан "Артиллерия...

Қазақстан «Артиллерия оттарының шеберлері» сайысында алда келе жатыр

«Артиллерия оттарының шеберлері» сайысының алғашқы кезеңдері «Дара жарыс» және «Түнгі спринт» деп аталады. Аталған кезеңдердің нәтижесі бойынша еліміздің Қарулы Күштерінен құрылған команда үздік нәтижелер көрсетіп, көш бастап келе жатыр.

Дара жарыс кезінде қатысушылар ең жоғарғы жылдамдықпен бірнеше кедергілерден өтті. Олар: «жылан», «белес», «миналы-жарылғыш аймақтан өту», «қос табанды көпір» деп аталады.

Сайыс кезінде әділ қазылар қатысушылардың дайындығына, қозғалыс кезіндегі әдіс-тәсілдеріне баса назар аударды. Кедергілерден өту кезінде ешбір қателік жібермеуін қатты қадағалады. Әрбір кемшілік үшін уақыттарына 10 секунд қосылып отырды. Одан бөлек жарыс кезінде РПГ-7В мен АК-74 қаруларынан оқ атып, нысананы көздеді. Ойынның нәтижесінде қазақстандық құрама мәреге бәсекелестерінен 3 минутқа озық келді.

Ал түнгі спринт жарысында әскери қызметкерлер 2Б11, РПГ-7В минометтерінен, отандық «Аселсан» түнгі нысанасын пайдалану арқылы АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Бұл сайыста да еліміздің намысын қорғаушылардың асығы алшысынан түсті.

Естеріңізге сала кетейік, «Артиллерия оттарының шеберлері» сайысы халықаралық Армия ойындарының аясында өтіп жатыр. Ол 9 тамызға дейін жалғасады.