«Сакралды Астана» картасы жасалады

Қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Астана аумағында көне түркі кезеңіне жататын археологиялық нысандардың бар екендігін атап өтті. «Барлық ескерткіштер «сакралды картаға» енуі тиіс және тарихи-мәдени мұраларды тереңірек зерттеу үшін құрамына археологтар, тарихшылар, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері енетін жұмыс тобын құру қажет,»-дейді ол.

«Сакралды карта — бір жағынан өлке тарихын зерттеудің баға жетпес көзі және екінші жағынан — өз жеріңе, астанаңа деген патриоттық қарым-қатынасты қалыптастырудың негізі. Үшіншіден, сакралды карта туристік кластердің айнымас бөлшегіне айналуы тиіс», — дейді Ермек Аманшаев.

Жоба аясында «Бозоқ» қалашығына мәдени-ғылыми экспедиция, қалалық слет және жас өлкетанушылар форумы, білім беру ұйымдарында «Туған жер — рухани жаңғыру» атты сынып және кураторлық сағаттар өткізу және өзге де шаралар көзделіп отыр.

Сондай-ақ жиында «Рухани жаңғыру» Астананың жас патриоттар клубын және қаланың шығармашыл зиялыларының кеңесін құру идеясы айтылды. Бастамашыл топтарға мәдениеттанушылар, тарихшылар, өнер қайраткерлері, археологтар және қаланың жасампаз дарынды жастары енеді.