Шара аясында дінтанушы ғалым Асылтай Тасболат «Тастақ», «Көк базар», «Car City», «Болашақ» базарларындағы саудагерлермен сұхбат жүргізді. Оның айтуынша, көптеген діндар бауырларымыздың түсінігінде дін мен дәстүрді қарсы қоюшылық бар. Олар құран мен сүннетте жоқ кез келген әдет ғұрыпты бидғат (адасу) дейді. Олардың ойынша бидғат атаулының бәрі харам және ширк.
«Кейбір әсіредіншіл бауырларымыз музыканы және музыка аспаптарын қолдану дінге қайшы деп санайды. Біздің домбыра сынды бүкіл жыр термелерімізді сүйемелдейтін аспапты қалай харамға жатқызамыз. Негізі шариғатта музыка харам деу үшін, музыканың мазмұнына қарау керек. Отанға, ата-анаға және Аллаға деген ғашықтықты, адамгершілікті насихаттайтын ән-жырларды тіпті мешітте де айтуға болады,»- дейді ғалым Асылтай Тасболат.
Айта кетейік, бұл шараның басты мақсаты — базарлардағы сыртқы кейпі жат ағым өкілдеріне ұқсас киінген саудагерлерге қазақтың исламда өз жолы бар екенін, дәстүрлі исламның басқа елдердің исламынан ерекшеленетін тұстары көп екенін, мұсылман болу араб болу дегенді білдірмейтінін түсіндіру.