Басты бетҚазақстанның әскері...

Қазақстанның әскері ТМД елдері арасындағы ІІ әскери-спорттық ойындарда бас жүлде алды

ТМД елдері әскерлерінің ең үздік деген командирлері ІІ әскери-спорттық ойындарға қатысып, 1000, 2000, 3000 метрге жүгіруден, Макаров тапаншасынан атудан, турникке тартылудан сайысқа түсті.

Турникке тартылу
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық командирлер жеке есеп бойынша екі бірдей алтын, бір күміс, бір қола медальға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, десанттық-шабуылдау әскерінің капитаны Антон Спиридонов пен радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының офицері Олжас Сердалиев еліміздің қоржынына алтын жүлде салды.

Әскери қызметкер
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Күміс медаль да радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының әскери қызметкеріне бұйырды. Есімі — Александр Юркин.

Ал ІІ әскери-спорттық ойындардың қола жүлдесін нөмірі 44 736 әскери бөлімнің офицері Дархан Кесікбаев бөлімше командирлерінің сайысында жеңіп алды.

«Біздің әскери қызметкерлер өте жоғары нәтиже көрсетті. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметкерлерінің физикалық тұрғыда шыныққандығын, физикалық даярлығының жоғары екенін тағы бір рет дәлелдеді. Бұл еліміздің арнайы құрамдағы әскери қызметкерлеріне үлгі болары сөзсіз»,- деді өз сөзінде қазақстандық команданың жаттықтырушысы майор Қанат Махамбетов.

Жарыс
©ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Осылайша, жалпыкомандалық есеп бойынша, қазақстандық әскерилер командирлік сайыста жеңімпаз атанды. Екінші орын Ресей Федерациясына, үшінші орын Қырғызстан Республикасына бұйырды.