Келушілер бұл музейдің коллекциялық қорынан былтыр Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында ерекше мәнге ие болған көне дәуірден қазіргі уақытқа дейін қазақ халқының әскери тарихы мен мәдени ескерткіштерін сипаттайтын сирек жәдігерлерді де тамашалай алады.
Әскери-тарихи музейдің ашылуы Елбасының ерекше қолдауының арқасында және әскерилердің, ғалымдардың, тарихшылардың, археологтар мен мәдениет қайраткерлерінің жан-жақты шығармашылық, зерттеу жұмысының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Бүгінгі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай дайындаған материалдарымыздың бірі ерекше, әскери тарихы өзінше бір әлем «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залына арналады.
XX ғ. әскери тарих залында өткен ғасырдағы Қазақстанның әскери және жауынгерлік тарихының барлық негізгі кезеңдерімен байланысты экспонаттар көрсетіледі.
Бұл залда Алашорда әскерінің құрылуы мен соған қатысқан тарихи тұлғалардың еңбектерін баяндайтын құжаттардың дені сақталған. Осы залға кірсеңіз «Алаш әскерінің маршы» мәтіні, Міржақып Дулатовтың тайжақысы бәрі де көз алдыңызда тұрады.
Мұнда соғыс қаруларының жаңа түрлері көптеп шығарылып таратылған, совет әскерлерінің даңқын асырған Ұлы Отан соғысының толық картинасы да топтастырылған.
1979-1989 жылдар аралығында совет әскерлері қатысқан Ауған соғысының тарихи шежіресін де осы залдан тамашалай аласыздар.
Залдың ортасындағы мәңгілік алау осы құрметті көрсететіндей.
Дәл осы залда проекциялық жабдықтау форматында Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің кавалерлері, 1979-1989 жж. Кеңес-Ауған соғысының интернационал жауынгерлері, сондай-ақ «Халық қаһарманы» жоғары мемлекеттік наградаларының иегерлері туралы ақпарат көрсетіледі.
Музейдегі тағы бір қызықты дүние, музей келушілері Ресейдің мұрағатынан алынған мұрағаттық құжаттар жиналған интерактивті кітаппен таныса алады.
Музей қонақтарының назарына танымал 100 және 101-атқыштар бригадаларының құрылу тарихы бойынша бірегей құжаттар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фотосуреттер мен жеке құжаттар ұсынылған.
Жалпы тарихқа үңілетін болсақ біздің арғы ата-бабаларымыз егемендік, тәуелсіздік үшін күресті ешқашан тоқтатпаған. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу мақсатында қазақ интеллегенциясы үлкен рөл атқарған болатын.
Жиырмасыншы ғасырдың тарихында жалпы қара дақ болып қалатын оқиға — Ұлы Отан соғысы. Сол Ұлы Отан соғысы экспозициясы осы Брест қамалынан басталады. Диорамада Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа ту тігіп жатқан сәті бейнеленген.
Бұрын соңды рейхстагқа туды кім тіккендігі туралы тартыстар өте көп болаты. Ал қазіргі уақытта ресми түрде құжаттармен де біздің жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың туды алғашқы болып тіккендігі дәлелденді. Оның бұл ерлігі 30 сәуір күні, күндізгі сағат 14:30-да 150-ші атқыштар девизиясының журналына тіркелген екен. Бұл күні аталмыш дерек Ресей Федерациясымен расталған.
Ұлы Отан соғысының ең қанды шайқастарының бірі Ленинград үшін шайқас, Мәскеу қорғанысы.
Мәскеу қорғанысына ақтөбелік 312 және алматылық 316-шы атқыштар девизиясы қатысқан болатын.
316-шы атқыштар девизиясының командирі генерал майор Иван Василевич Панфилов 18-қарашада майдан алаңында ерлікпен қаза тапқаннан кейін, оның девизиясын «Сегізінші гвардиялық Панфилов девизиясы» болып қайта құрды. Осы жерде айта кетерлігі Кеңес Одағының тарихында тек екі дивизия ғана өзінің командирінің есімін алған екен. Оның бірі, Чапаевтың девизиясы болса, екіншісі Панфилов девизиясы.
Берлин операциясы 1945 жылдың 16 сәуірінде басталды. Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Берлин шабуылының кезінде батальон командирі, Берлин көшелеріне ең алғашқы болып кірген батальондардың қатарында болды.
Ауған соғысы 1979-1989 жылдар аралығында совет әскері қатысқан Ауған соғысының тарихи шежіресі де осында. Он жылға созылған соғысқа барлығы 22 мың қазақстандық ауған соғысына қатысып, 926 жауынгер қаза болып, он сегізі із-түссіз жоғалып кеткен. Енді із-түссіз жоғалғандар табылғанға дейін соғыс аяқталмайды деген сөз бар. Осы екі соғыстың жаңғырығы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр деп айтсақ артық айтпағанымыз.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда құрылған полктердің көтерген туларының түпнұсқалары. Дәл осы туларды көтеріп, біздің ата-бабаларымыз Ұлы Отан соғысын жеңіп шықты деп айтуға болады. Ортасында Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа тіккен туының көшірмесі. Оны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнайы Мәскеуде өткен салтанатты кеште Ресей федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу сол уақыттағы біздің Қорғаныс министріміз Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке табыс еткен болатын.
Материалдың авторы: Айнұр МАРАТ
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.