Басты бетЖаңалықтарОралдық журналистер...

Оралдық журналистер Ордаға барып, баспасөз тарихына бойлады

Экспедиция бағыты ретінде киелі Орда жерінің таңдалып алынуы тегін емес. Өйткені осы өңірде заңгер, ағартушы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен қос басылымның бастауында тұрған «Ұран» газеті дүниеге келген. Өз кезегінде басылым ел зиялыларының сол замандағы идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарғаны тарихтан белгілі.

Делегация мүшелері әуелі Жаңақала ауданына соғып, осы жерде жатқан әйгілі Мәмен мен Тұяқберді күйшілердің кесенесіне зиярат етті. Ордаға жеткен соң Жәңгір хан кесенесіне барды. Марқұмдардың рухына Құран бағышталған соң, экспедицияға қатысушылар Жәңгір хан, өлкетанушы М.С.Бабажанов, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының өмір жолымен, осы кешендегі құлпытастар тарихымен танысты.

«Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, аталған экспедиция Елбасының «Туған жер» бағдарламасымен үндеседі.

— Қос газеттің 100 жылдығына дайындық барысында Орда жеріне аяқтай барып, бар кереметті көзбен көріп келеміз деп мақсат етіп едік. Ойлап қарасаңыз, осыдан дәл 100 жыл бұрын, осы өлкеде ата-бабаларымыз газетті шығару жолында жұмыс істеді. Бұл істің басында Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев сияқты ұлы тұлғаларымыз болды. Басылым халықты сауаттылыққа шақырып, өз алдымызға ел болуға үндеді. Осы жолда жан аямай қызмет қылды. Осы ұстанымдары үшін де өздері репрессияның құрбаны болды. Ендігі біздің мақсат – тәуелсіздіктің қадірін ұғынып, ұлылар бастаған істі халыққа таныту, әрі қарай жалғау. Делегация құрамында алпысты алқымдаған алдыңғы буын ағалар, жас буын өкілдері қамтылған. Олар бүгінгі сапардан қанаттанып, ой түйіп қайтса деген шынайы ниетіміз бар, — деді Ж.Сафуллин.

Экспедиция мүшелері «Ұран» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген баспахана ғимаратында болды. Қазір мұнда Рафаэль Денгизбаев есімді татар азаматы отбасымен тұрады. Атырау облысында дүниеген келген Рафаэльдің атасы Абдолла Денгизбаев кезінде осы баспаханада қызмет жасаған. Баспахана орналасқан үй сол қалпы сақталған. Тек тұруға қолайлы болуы үшін аз ғана жаңғыртылған.

Қос газеттің ғасырлық мерейтойына арналған негізгі шаралар Батыс Қазақстан облысында күзге салып өтпекші.

Тоқтар Ғабдірешұлы