Қазақтар неге христиан дінінің дәстүрлі емес ағымдарына кіріп кетеді?

Борбасова Қарлығаш
Қарлығаш Борбасова, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

— Қазақ жерінде христиан дінінің жүз жылдан астам тарихы болса да қазақ ұлтынан бұл дінді қабылдағандар ілуде біреу болатын. Қазақтардың жат ағымдардың жетегіне еріп кету үрдісі 90-жылдардан басталды. Ол Кеңес өкіметінің құлауымен байланысты. Шекара ашық болды. Барлық дінге рұқсат берілді. 1993 жылғы заң бойынша кез келген діни идеяны тіркеу үшін оннан артық мүшесі болса жеткілікті еді. Яғни миссионерлер өз қызметін атқаруға, кез келген жерде кітабын таратып, пәтерлерде, мектептерде, әлеуметтік орындарда уағызын еркін айтуға құқылы болды. Заң тұрғысынан тыйым салынбады.
Жасыратыны жоқ, алғашқы кезде елімізде экономикалық тоқырау кезеңі болды. Ауылдан келген көп жастар қалада жұмыссыз жүрді, баспанасы болмады. Әлеуметтік кіріптарлық қоғамда рухани тоқыраудың да дамуына жол ашты. Осы мәселенің барлығы миссионерлерге оңтайлы жағдай болды. Олар не істеді?

Діни ағымдардың кітапшалары
Жат діни ағымдардың үгіттеу қағаздары ©tengrinews.kz

Осы кезеңде мен Қазақстандағы Кришна Санасы қоғамын зерттедім. Үш жыл бойы соның мүшелерімен араласып, әр сенбі не жексенбі сайын діни шараларына қатысып отырдым. Дінді қабылдағандармен әңгімелесіп жүрдім. Олардың ішінде ауылдан келген жас балалар көп болатын. Олар күнде таңертеңнен кешке дейін кітап сатады. Түскен табыстың 10 пайызы ғана өздеріне тиесілі болады. Мысалы, 1000 теңгеге кітап сатса, оның 100 не 200 теңгесі ғана оларға тиесілі. Былай қарасаң, ол өте аз. Бірақ, олар сол қоғамның орталығында тұрды, кезектесіп храмды тазалайды, тамағын жасайды және тамақты сол жерден ішеді. Сонда олар сондай аз-маз жалақыға да риза болып күнделікті тамағы мен жатын орынын айырғанға риза болып жүрді. Біртіндеп олардың санасы сол кришнаизм идеясын толық қабылдады. Себебі, олар кітапты сату үшін мазмұнын білу керек болып, оқиды, түсінбеген жерлері болса қосымша дәрістерде жүйелі түрде кеңестер алып тұрды. Бұған қоса аудио таспалардан да осы діннің белгілі теологтарының дәрістері мен сұxбаттарын тыңдайды. Әрине, күнделікті бір тақырыпты оқып, соны мазмұндай берсең, қоршаған ортаң да сол туралы ғана айтатын болса, еріксіз адамның дүниетанымы сол бағытта өзгереді. Осылайша, қазақтың балалары мықты миссионерлерге айналып кетеді. Бұл мысал барлық жаңа діни ағымдарға тән. Кейіннен олар білім алады, қызмет жасайды. Отбасын құрады, балалары да сол ағымның ілімімен, талаптарымен тәрбиеленеді. Одан кейін бауырларын, туған туыстарын, достарын кіргізуге әрекет жасайды.

Діни ағымдар
Жат діни ағымдардың хабарландыруы ©total.kz

Дәстүрден тыс ағымдардың жұмыс істеу амалы бірдей. Бірінші, олардың барлығы Құдай туралы айтады. Өмірдің мәні туралы сұрайды. «Мына әлемді кім жаратты? Қашан жаратылды деп ойлайсың?», «Сен жаның туралы деп ойланасың ба?», «Өлім дегеніміз не ?», «Өлгеннен кейін қайда барамын деп ойлайсың?», «Тозақ, жұмақ туралы ойланасың ба?», » Жұмаққа түсу үшін не істеу керек?» т.б. Бұлар кез келген саналы адамды ойландыратын сұрақтар. «Әрине, ойланамын» деп жауап береді. Содан кейін әңгіме қозғалады. Мысалы мұсылман адам ешқашан да кез келген біреуді тоқтатып «Сіз Алла туралы ойланасыз ба?» деп сұрамайды. Дәстүрлі христиан дінінде де өз діндерін кез келген жерде екінші адамға насихаттап кетпейді. Әрине, уағыз айту дәстүрлі дінде де парыз, әйтсе де олардан бұндай қылық көрмейсіз. Өйткені, олар сабырлық сақтайды және басқа дін өкілдеріне құрметпен қарайды. Ал бұлар кез келген сәтті жібермеуге тырысады.

2011 жылғы заң бойынша, діни бірлестіктің мүшелері 50 адам болса ғана тіркеледі. Заң қабылданардан бұрын елімізде 4500 діни ұйымдар болса, заң қабылданғаннан кейін 2012 жылғы қайта тіркеуден 3088 діни бірлестік қана өткен. Қалған бір жарым мыңы қайда кетті? Олардың бәрін түрмеге салып, болмаса шетелге асырып жіберген жоқ қой. Олар әлі де қоғамымыздың мүшелері болып жүр. Тіркемегеннің себебінен олар сенімдерінен бас тартқан жоқ, сол дінде қалды. Ал, тіркелмеген соң олардың қызметі де, мекен-жайы да белгісіз. Яғни, діни басқармада олар туралы ақпарат жоқ, олардың қызметтері бақылаусыз қалды. Олар өз үйлерінде тағы да басқа орындарда дін іс –шараларын өткізе береді.

Секта
Секталардың діни рәсімдері ©aif.ru

Жаңа діни бірлестіктердің қоғамға, дәстүрі құндылықтарға қарсы, жеке тұлғаларға байланысты зиянды әрекеттерін анықтау өте қиын. Бәрін заңды түрде дәлелдеу үшін одан зардап шеккен адам шағымдануы керек, сот ісі қозғалуы керек. Мысалы, көшеде кітап немесе діни мазмұндағы парақшалар таратып жүрген адамды ұстап алсаңыз, оның ісін видеоға түсіріп алып немесе куәгер болып дәлелдеу керек. Қазір өте қиын. Милицияны сол жерге шақырғанмен оларды кім ұстап тұрады? Біздегі полициялардың көбі дінге қатысты заңдарды біле бермейді. Мен бір рет миссионерді көшеде полиция қызметкеріне тапсырып беріп, шаруаларыммен кетіп қалдым. Артынан сұрастырсам, жаңағы миссионерге тіпті айыппұл да салынбаған. Негізінде 2 рет айыппұл салынғаннан соң олардың миссионерлік қызмет жасауына заңды түрде тыйым салынады. Біртіндеп заң жүзінде де миссионерлердің жымысқы әрекеттеріне тосқау салуға болар еді.

Миссионерлер ©therussiantimes.com

Жалпы дінтануда еліміздегі саясатқа қарсы келетін, адамдарға физикалық және психологиялық күш қолданып, санасына әсер етіп, денсаулығына зиян келтіретін ағымдарды деструктивті ағымдар немесе псевдодіни сектанттық бағыт деп айтады.
Жалпы, «секта» деген ұғым «ілім», «мектеп», «ойлау» деген сөз. Бұл — дәстүрлі діни бірлестіктерден бөлініп шығатын ағымдар. Секта деноминацияға одан кейін шіркеуге айналуы мүмкін немесе өз дамуының кезеңдерінің бірінде, не секта ретінде қалуы мүмкін.

Діни ұйымдарды топтамалаудың қажеттігі өте көп діни сенімдер мен практикалар «секта» ұғымына сай келетіндігінен туып отыр. Осыған байланысты американдық ғалым Брайн Уилсонның өз топтамасын ұсынған. Ол секталарды үш көрсеткішіне – дүниеге қатынасына, қызметіне және сеніміне байланысты салыстырып, сектаға тән ерекшеліктерді ашып көрсетті:
1) мүшеліктің еріктілігі;
2) мүшелікке кіру арнайы сынақтан кейін ғана мүмкін;
3) тек өз қоғамдарының ерекше екендігіне сенімділік;
4) өздерін таңдаулылардың қауымдастығы ретінде бағалау;
5) жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіріп отыруын талап ету;
6) қоғамның барлық мүшелерінің кереметтілігі;
7) дінге сенушілер діни сенімдерін спонтандық түрде көрсетеді;
8) пендешілік өмірге бейімделудің жоғары деңгейі;
9) әлеуметтік өмірге дұшпандық қарым-қатынас;
10) тоталитаризм.

Уильсонның өзі бұл көрсеткіштер жалпылама ортақ белгілер, жоғарыдағы мінездемелер діни бірлестіктерде біріккен түрде көрініс табады деп атап көрсетті.

Біздегі непротестанттық ағымдар «Қазақстанды Інжілдендіру» саясатын жүргізуде. Қазақ жерінде бұл саясаттың толық жүзеге аспауына халқымыздың діні мен дәстүрінің біте қайнасып кетуі себеп болды.

Бізде атеистік қоғам болды. Атеизм ислам дінінің жоғары деңгейде дамуына тыйым салды. Содан кейін діни сауатсыз болдық. Бірақ қанша жерден діни сауатсыз болса да қазаттар жүрегінде мұсылман болатын және олар мұсылмандық тәрбиемен, сол идеямен өмір сүрді. Үлкенді сыйлады, дүниеден кеткендердің жаназасын шығарады, аруақтарға Құран бағыштады. Бірақ, бес парызды орындамадық, діннің терең философиясын меңгермедік. Ал христиан миссионерлері жұмыссыз, діни сауатсыз қалған қоғамның мүшелерін дінге тартты. Оқыған адамдардың өздері де бұл діннің уағызын қабылдай бастады. Өйткені, олар рухани ізденісте жүрді. Христиан дінін қабылдаған қазақтардан неге бұл дінді қабылдағанын сұрасаң, «өйткені, мен өзімді мұсылманмын деп жай ғана айтатынмын, бірақ мұсылмандықтың не екенін білмедім» дейді. Мұсылмандықтан хабары жоқ болған соң қай нәрседен көбірек ақпарат алды, сол қызығырақ болды. Атеизмде «Құдай жоқ» деген идеяны оқып, адам өз-өзін ғана күшті сезініп жүрді де, енді бұл идеология жоғалып, көптеген мәселелер туындаған кезде неге сенерін білмей қалған адамдарға жауапты осы евангелшілдерден алды. Кім қай дінге жолықты, соған сенді.

Інжіл
©mitropolia.kz

Евангелшіл христиандық ұйымдардың сектанттық қызметтерінің негізгі элементтерінің бірі — ол дәстүрлі шіркеулерге қарсы шығуы. Біздің еліміздің мысалында ол әр түрлі сектанттық топтарда әртүрлі түрде көрініс тауып, сектанттық идеологияда, культте, ұйымдастырушылықта көрінеді. Евангелшіл христиандық ұйымдардың басым көпшілігі көбінесе «түсініксіз», күрделі болып табылатын шіркеулік уағызға сыртқа көрсетуге арналған шынайылыққа толы ішкі сенімді қарсы қоюды. Шіркеудің адамды күнәлардан құтқарудағы арадағы делдал ретіндегі рөліне олар «Адам Құдай храмы» деген формуланы қарсы қойып, шіркеулік иерархияға сектанттық ұйымның «демократизімін» қарсы қояды.

Діни ілім саласында көбінесе бұрын осы шіркеу ұстанатын ескі көзқарастардан жай ғана бас тарту емес, осы ұйымның құрамындағы сенушілердің қызығушылықтары мен көңіл күйлеріне сәйкес мүлдем жаңасымен ауыстырылады,- дейді профессор.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.