Әкем қолымнан жетектеп, бұрын күреспен айналысқан досына мені табыстады. Ол кезде 6-сынып оқушысы едім. Күреспен айналысқанымды қалады. Кезінде әкем Есенғалидың өзі де балуан болған. Үйде үш ұлмыз, үшеуімізді де осы спортқа берді. Алайда екі ағам болашақтарын басқа арнаға бұрды.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
©Baribar.kz

7-сыныпта ауылымнан, үйімнен алысқа кеткендіктен, алғашында бәрі қиын болды. Үйді сағынып, жылап та алатын едік (күледі). Бірақ өсе келе, бұл ортаның маған берерінің көп екендігін ұғынып, үйренісіп кеттім. Биыл Олимпиада резервіндегі балаларды дайындау орталығының 2-курсын бітірдім.

Кейбір кезде түрлі қиындықтар болады. Әсіресе жеңілістен кейін күрескің келмей қалады. Мұндай кездерде әкем, жаттықтырушы ағайларым жебеп отырады. Тараз өңірі, Меркі ауылынан шықтым. Өз аймағымда кішкентай салмақта күресіп жүргенімде, алматылық балуандардың потенциалы басым екендігін байқадық. Содан кейін әкем бірден Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданының спорт мектебіне берді. 8-сыныптан бастап жақсы нәтиже көрсете бастағандықтан, күреске шындап ден қойдық.

Әкем күн сайын салмағым, жаттығуымның қалай өткендігі жайлы сұрап, кешке хабарласып тұрады. Сырт көзге қарағанда, балуанның өмірі ішпыстырарлық болып көрінуі мүмкін. Себебі әр күніміз бір-біріне ұқсайды. Алайда Олимпиадада қазағымның көк туын желбіретіп, жеңіс тұғырына көтерілу арманы барлық шаршауымды алып қоятыны рас.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
Дархан Есенғали ©Baribar.kz

«Қайталама күнтәртібі жалықтырмайды»

Таңертең 7.30 тұрып, сағат 8-де таңғы жаттығуды бастап кетеміз. Одан кейін тамақтанамыз, 11-дегі жаттығуға дейін тынығып демалуға болады. Түскі астан кейін, бір сағаттай тынығып, 17.00-де кешкі жаттығуды жасаймыз. Кешкі ас ішкеннен кейін, біраз уақыт далада серуендейміз. 22.30 кезінде ұйықтау қажет. Бұрын қайталама күнтәртібінен жалығатынбыз. Ал қазір бәріне үйреніп алдық (күледі). Жаттықтырушыларымыз жаттау жаттасаң, миың да жаттығады деп кеңес береді. Сол үшін, бос уақытымда Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, жаттаймын.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
©Baribar.kz

Әкемнің де, жаттықтырушыларымның да айтатыны — бір. «Сен ең бірінші балуан емес, адам бол,» — дейді олар. «Сендерге әлдеқайда жағдай жасалған. Біздің кезімізде қаржы тапшылығы көп болатын. Жарыстарға сол үшін де бара алмайтынбыз,» — дейді әкем. Шынымен де, осы уақытқа дейін бірнеше мемлекеттерге барып қайтқан екенмін. Түркия, Тайпей, Румыния, Әзірбайжан елдерінде күрестім. Бірінші күні күрессек, ертеңінде елді аралауға мүмкіншілік беріледі. Қаржыны федерация көтереді.

Шетелдік спортшылармен сөйлесу кезінде, түрлі қызық жағдайлар болады. Әртүрлі елдің балуандарымен саусақтарымызбен, ыммен сөйлесіп кетеміз (күледі). Негізі шетелге жиі шыққандықтан, ағылшын тілін білу маңызды.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
Кішкентай кезімде ән айтатынмын. Дауысым жақсы болды ма екен, анам ән айтқанымды қатты қалады (күледі). Алайда әкемнің айтқаны болды. ©Baribar.kz

«Мақсатым — Токио-2020 Олимпиадасына қатысу»

Олимпиада чемпионы Хаджимурат Гацалов академия ашып жатыр. Сонда жаттыққым келеді. Жақын күндері Финляндияда өтететін әлем чемпионатына қатысамын. Одан кейін ересектер сапына өтіп, олимпиадаға дайындығымды бастаймын. Бұл додаға жолдама алу үшін, алдымен Қазақстан чемпионатында ұту керек. Одан кейін лицензиялық жарыстарда (Азия біріншіліктері, әлем чемпионаттары) жүлделі орын алу қажет. Бұйыртса, Токио-2020 Олимпиадасына қатысуды нақты жоспарлап отырмын.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
Салмақ қуу – күрестегі өте қиын кезең. 66 кг дәрежесінде күресемін. Қазіргі салмағым 72 кг, жарысқа дейін 6 кг салмақ түсіруім керек. Кей тағамдардан тыйылып, арнайы киімдер киіп жаттығу қажет. Салмақ түсірудің түрлі тәсілі бар, бірақ ешқайсы жеңіл емес. ©Baribar.kz

Анам Алматыға ай сайын келіп тұрады. Әр келгенінде «Балам, сен ұтасың,» — деп күш-жігер беріп отырады. Бұдан асқан мотивация жоқ деп ойлаймын.

Мәулен Мамыров, Ақжүрек Таңатаров сынды ағаларыма қарап қызығамын. Қазақстаннан еркін күрес бойынша әзірге Олимпиада чемпионы шықпады. Болашақта сол шыңды бағындыру — арманым.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
©Baribar.kz

Спорт мектебіндегілердің бәрі қызуқанды. Кейбір кезде балуандар мен боксшылардың арасында түрлі теке-тірестер туып жатады. Мұның барлығы өшпенділіктен емес. Кейде адамның бойына күш сыймай кетеді, сол кездері білек сыбасып қалатын сәттер болады (күледі).

Чемпион балуанға не қажет?

Өз ісіне деген сүйіспеншілік. Жеңілсең де, барлық адаммен кішіпейілділікпен араласу керек, көпшіл болу қажет деп ойлаймын. Алға қойған мақсаттан ешқашан қайтпау керек. Күресте жеңіп келе жатып, соңғы секундта ұтылып қалатын кездер жиі болады. Өзімнен бірнеше жас үлкен балалармен күресіп, ұтып кеткен сәттерім болды. Ондай кездерде кілем үстінде секіретінмін (күледі). Соңғы минут аяқталғанша күресуден, жеңуден басқаны ойлау, босаңсып кету – үлкен қауіптер. Сол себепті табанды бола білуді үйрену керек. Күресте тек білек сыналмайды, балуан айлакер болуы қажет. Бұл спортта бірінші аяқты көрсетіп немесе басынан тартып тұрып, екінші аяққа өтіп кету сияқты айлалар бар.

Дархан Есенғали, еркін күрес, Алматы күрес федерациясы
Егер бокста жарыс кезінде күніне бір адаммен жұдырықтассаң, күресте бір күнде 6-7 балуанмен күш сынасасың. Бұл – оңай емес.©Baribar.kz

Ең тамаша сәт — жеңіс сәті. Бар болғаны 6 минутта сен бірнеше айлық дайындығыңды сынайсың. Соңғы минутта жеңіс қарсыласына бірден ауып кетуі мүмкін. Содан да болар, «балуанның бағын боз кілем шешеді» деп бекер айтпаса керек.

Еркебұлан Кешубаев, Алматы қаласы күрес федерациясы
Дарханды жаттықтырушылардың бірі — Еркебұлан Кешубаев (сол жақтан екінші). ©Baribar.kz

Еркебұлан Кешубаев: «Чемпионға тек білектің күші жеткіліксіз. Қаншама баланы жаттықтырып, тәрбиелейміз. Бірақ олардың барлығы чемпион болып шықпайды. Мәселе күштің, дарынның болмағандығында емес, мінез жетпей жатады. Дархан 7-сыныптан бастап біздің мектепте дайындалды. Осы уақытқа дейін ол алдымен тәртібімен көзге түсті. Спортшы бір режимде жүріп үйренуі керек. Қажет уақытында ұйықтап, тамақтанып, жаттығуды өз деңгейіне жеткізіп орындауы қажет. Ол соның барлығын орындайды. Сол үшін де Дархан жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Қасындағы балалардан да сұраймыз, балуанымыз тазалық жағынан, ұқыптылығымен ортасында сыйлы».

Роллан Кешубаев, Алматы қаласы күрес федерациясы
Дархан жаттықтырушысы Роллан Кешубаевпен. ©Baribar.kz

Роллан Кешубаев: Дарханның бізді қуантқан сәттері аз емес. Жақында Шымкентте Сабыр Рахимовтың құрметіне орай турнир өтті. 2-3 ай қалғанда, Дарханның баратындығы нақтыланды. Біз одан 1-орын алуды талап еттік. Ол орындады. Екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында 2-орынды иеленді, ал биыл Қазақстан чемпионы атанды. Балуанымыз мақсатқа қол жеткізе біледі. Одан жарқын болашақ күтеміз. Олимпиаданы бағындыратынына сенеміз.

Сұхбаттасқан және фото авторы Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

2 пікір

  1. Мə шə Алла бауырым!!!АЛЛА ТАҒАЛА мақсатыңа жеткізсін!

  2. Будущий чемпион олимпийских игр!!! Жарайсын досым тек кана алга!!!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!