Басты бетЖаңалықтарНазарбаев: Теңгені...

Назарбаев: Теңгені еркін айналымға жібермесек, халықтың әл-ауқаты төмендер еді

«Нарықтық экономиканың ақиқаты – біз ұлттық валюта бағамын реттеген сайын, кәсіпкерлер мен бизнес үшін кедергілерді көбейтеміз. Бұның неліктен осылай болып жатқанын халыққа қарапайым тілмен түсіндіру керек. Бұнымен бірінші кезекте «Атамекен» айналысуы тиіс. Ол халыққа шағын және орта бизнес арқылы түсіндіруі керек. Біздің елімізде доллар емес, теңге маңызды. Йогтер айтатындай, бір сәт тоқтап, терең тыныс алып, доллар туралы ұмытайық. Біз Қазақстанда теңгемен өмір сүреміз, теңгемен сатып аламыз, теңгемен есеп айырысамыз», — деді елбасы.

Сондай-ақ, президент теңгенің еркіне жіберілуіне қатысты өз пікірімен бөлісті.

«Ойланып көрейікші… Ұлттық банктің қаражаты есебінен теңге бағамын ұстап тұрудан бас тартпасақ не болар еді? Бұл дегеніміз, мемлекет те, азаматтар да бүгінде бірнеше есе кедей болар еді», — дейді елбасы.

«Мүмкін, қарапайым адамға мұны бірден түсіну оңай емес шығар, бірақ, түсінуге болады. Өйткені, қордағы қаражатты жұмсап жаттық», — дейді президент.

Президенттің айтуынша, еліміздің жинаған жалпыұлттық қоры таусылып, қаржылық жүйе күйрейтін еді. Өндірістер жабылып, шағын кәсіпорындар банкротқа ұшырайды, жұмыссыздық артып, инфляция деңгейі бірден көтерілер еді.

«Валютамызды күшпен ұстап тұрсақ, осындай жағдайға душар болар едік. Қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарар ма еді? Жоқ», — дейді елбасы.

Айта кетейік, 2015 жылдың тамызында Қазақстанда валюталық дәліз жойылып, теңгенің еркін айналымы режимі енгізілді.

«Бүгінде бүкіл әлем дамудың күрделі және қарама-қайшы кезеңін бастан кешіріп жатырмыз. Біріншіден, жаһандық экономикада құрылымдық өзгерістер орын алып отыр. Бұл жаһандық өндіріске ықпал етіп, әлемдік еңбек бөлінісінің жаңа шегі қалыптасып жатыр. Геосаяси цикл аяталуға жақын. Таң қаларлықтай ештеңе болып жатқан жоқ. Тарихты еске түсірейік. Оңтүстік-шығыс дағдарыс 1997 жылы басталып, 1998 жылы бүкіл әлем Азия дағдарысының салдарынан зардап шекті. 1998 жылы мұнай баррелінің бағасы 8,5 доллар болды. Одан кейінгі онжылдықта мұнай бағасы 130 долларға дейін өсті. Осыдан кейінгі онжылдықта мұнай құны қайта құлдырай бастады», — дейді президент.

Елбасының айтуынша, соңғы жарты жылда біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар жағдайында өмір сүріп жатырмыз.

«Бірақ ештеңе болған жоқ. Бұл қиындықтан да өтеміз деген ойдамын. Мүмкін, бізге бұған үйрену керек шығар. Бұл күрделі кезең ұзаққа созылады деп ойлаймын. Бұл жақсы да шығар, мүмкін. Біз сіздермен бірге қажетті іс-шаралар қабылдауымыз керек», — деді Назарбаев.

Айта кетейік, Астанада қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XVII съезі өтіп жатыр. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, биылғы жылдың 20 наурызына белгіленген мәжіліс сайлауына үміткерлерлің партиялық тізімі бекітілмек, сондай-ақ, «Қазақстан — 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданады. Аталған құжат бес институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттары ескеріле отырып әзірленген.

Дереккөзbnews.kz