Психолог Анна Құдиярова: Қоғам іштен айуанға айналып барады

АШУ-ЫЗАНЫҢ СЕБЕБІ

Эксперттің айтуынша, әр адамның бойында табиғаттан ашу мен ыза бар. Оның сыртқа шығуы адамның ішкі күйіне байланысты. Бір ретте ол ағзаның қорғаныш реакциясы болып, оның өмірін сақтап қалуға бағытталса, енді бірде ол ашу-ыза шабуыл реакциясына айналып, өмірді сақтауға, қорғауға емес, бұзуға, қиратуға бағытталады.

Біздің халық 25 жылдан бері аш келеді. Ауық-ауық жағдайымыз жақсарып тұрды, ондай кезде бәрі жақсы болып кететін сияқты көрінеді. Содан кейін қайтадан дағдарыс келеді, қазіргідей, мысалы, бұл халыққа үлкен күйзеліс. Жұрт тағы да торығып, тығырыққа тіреледі. Қазіргі жастар — 90-жылдары дүниеге келген ұрпақ екенін ескеру керек. Бала кезінде қарны ашқаны, жоқшылық көргені — бәрі есінде. Сол кездегі үрейден қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан да, елде экономикалық ахуал қиындап, жұрттың ақшасы азайып, ертеңгі күнге деген сенімнен айрылған кезде осындай ашу мен ызаның, қатігездіктің куәсі боламыз.

«АШ АДАМ ТОҚ АДАММЕН ОЙНАМАЙДЫ»
«Адамның қарны ашқанда, ол айналасына мейіріммен қарау дегенді ұмытып кетеді. Қарны тоқ, төрт құбыласы түгел адам ғана жан-жағына байыппен қарап, осы мен не істеп жүрмін деп ойлана алады. Өкінішке қарай, қазір біздің халықтың көп бөлігі аш. Қайта, жаппай бірін-бірі қырып кетпей, өз жақындарына ғана жамандық жасап, өз жақындарын ғана өлтіріп жатыр», — дейді Анна ханым.

ШАРАСЫЗДЫҚ. ЖҰРТ НЕ ДЕЙДІ

Анна Құдиярованың айтуынша, қазір адамдарды көп асығыс әрекетке итермелейтін — «жұрт не дейді» деген үрей. Сонымен қатар, адамгершілік, адамдық деген қандай болатынын көрсететін тұлғалардың азайып кетуі, ақсақалдар институтының жоғалуы.

14 қаңтар күні Жамбыл облысындағы тас жолдан табылған шала туған нәрестенің мүрдесіне қатысты оқиға жұртшылықты елең еткізді. Өгей қызын көліктің ішінде босандырып, шақалақтың кіндігін жұлып алып, «қоймалжың зат» деп жолға лақтырып кете берген әйел қазір түрмеде. Істің ақ-қарасы анықталып жатыр, қыздың әрі қарайғы тағдыры не болары әлі белгісіз.  «Мен ол әйелге жаным ашиды, — дейді Анна ханым. — Жаңа туған нәрестені машинадан лақтырып кету үшін оның ішіндегі ашу-ыза қандай болуы керек? Ол да кеше арамызда жүрген адам еді ғой. Жұрттың сөзінен қорыққаннан ол осындай әрекетке барды. Оны аяу керек».

17 қаңтарда көшеден тағы бір нәрестенің өлігі табылды. Маңғыстау облысының бір тұрғыны полицияға келіп, республикалық көлік жолының бойынан не тауып алғанын айтып берді. Полиция баланың анасы кім екенін бірден тапты. 38 жасар әйел бала іштен өлі туғанын айтты.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?  «Менің көптен бері айтатыным бір-ақ арман ғой: жұрттың бәріне психологиялық сауаттылық керек. Ол үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс. Мен осы арада отырып, әр келген адамды қабылдап, оған көмек көрсетуге, кеңес беруге әзірмін. Тек, менің де отбасым бар, маған да тамақ керек», — дей келе, Анна Құдиярова тек халықтың психологиялық сауаттылығы артып, ашу-ызасын қайда жұмсау керек екенін біліп, агрессиясын тізгіндеуді, тізгіндей алмаса, дұрыс бағытта жұмсауды үйренгенде ғана, қоғамда мұндай сұмдықтар болмайды дейді.

«Қоғамдағы ашудың қайнау дәрежесі жоғары. 98-99 градусқа жетіп қалдық дер едім. 100 градусқа жеткенде, ол тасиды. Қазіргі басты міндетіміз — соған жол бермеу».