Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысы 1500 тонна бағланның етін Иранға экспорттайды

Ақжайық ауданында орналасқан мекеменің жұмысы туралы акционерлердің бірі Рақымжан Смағұлұлы баяндады. Оның мәліметінше, аталған серіктестік Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасқан.

– Дәл бүгін 18 тонна жаңа сойылған бағлан қозы етін дайындап, Иранның астанасына жөнелткелі отырмыз. Ет өнімін тиеген жүк көліктері халықаралық Ақтау әуежайына бағыт алады. Әуежайдағы алғашқы рейспен Тегеранға жеткізіледі. Бұл – біздің Иранға етті тұңғыш рет экспортқа шығаруымыз. Ирандық әріптестерімізбен жасасқан келісімшарт бойынша алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна қозы етін жеткізуіміз керек. «Санайе» компаниясының басшылығы етті аптасына үш рет жөнелтуімізді талап етіп отыр. Бұған біз де техникалық тұрғыдан дайынбыз, — дейді Рақымжан Смағұлұлы.

Негізінен халықаралық нарыққа, яғни өнімінің басым бөлігін шетелге өткізуге бағытталған «Батыс Марка Ламб» бүгінде етті тұрақты түрде Ресейге жеткізіп отыр. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жүргізуде. Мамандардың айтуынша, күздің алғашқы айларында аспан асты еліне экспорттауды бастап кетулері әбден ықтимал. Бес гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешенде бәрі де толығымен автоматтандырылған. Мал сою және ет өңдеу желісінде қой союдан бастап ет өңдеуге дейінгі жоғары технологиялық талаптар сақталады. Ауысымына 1400 бас қой сойылады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған төшке немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Бүгінде мұздатылған, яғни әбден қатырылған еттен гөрі тоңазытылған етке сұраныс жоғары. Өйткені мұндай ет өзінің пайдалы қасиеттері мен дәрумендерін жоймайды. Осындай артықшылықтарына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ ирандық компанияның басшысы Хади Хададзе ет өнімінің «Халал» стандартына сай өндірілуін жеке қадағалауына алған.

– Естеріңізде болса, бұдан біраз уақыт бұрын Иран еліне бір топ делегация барған едік. Сол сапарымызда жоғарыда аталған ирандық белді компаниямен келісімге келген болатынбыз. Әрине, бұған Елбасының Иранға барып, сол елдің басшылығымен кездесуі, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастың одан әрі бекуі себеп болды. Екінші жағынан, біздегі мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ет өнімдеріміз экологиялық таза, сапалы. Жыл бойына ауқымды жұмыстар атқарып, енді алғашқы өнімді жөнелткелі отырмыз. Бастысы, тұрақты әріптестеріміз бар. Бұл – өңіріміздегі шаруа қожалықтары үшін үлкен мүмкіндік. Енді отандық өнімді шетелдерге тұрақты экспорттау үшін барлық тиісті шараларды ұйымдастырып, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, – деді БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында өңір басшысы Алтай Көлгінов.