Басты бетЖаңалықтарЕлімізде бірнеше...

Елімізде бірнеше автожол ақылы болады

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2017 жылдың соңына қарай 1 және 2 техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталады.

«Жыл соңына қарай Астана-Теміртау (132 км), Алматы-Қапшағай (42 км) және Алматы-Қорғас (295 км) автожолдарында ақылы жүйені іске қосу жоспарланып отыр,» — деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, 2017-2018 жылдары жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізіледі.

«2017 жылдың соңына дейін 700 шақырымға жуық жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілерін салу мен реконструкциялау көзделген. Нысандардың қалған бөлігі 2018 жылдың соңына дейін аяқталады. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған жылдары 1 137,5 км жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері, 11 қазандық, 11 сорғы станциясы салынып, реконструкцияланды. Ал 2017 жылдың І жартыжылдығында 439 км желі салынып, реконструкцияланды», — деп толықтырды ол.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозуы 63%-дан 60%-ға дейін төмендемек.